Спорт
Мерекелік сый – шағын футбол алаңы
Өткен аптада 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай Шығанақ Берсиев атындағы селолық округке қарасты Құмжарған ауылында жасанды жамылғылы шағын футбол алаңы ашылды.
Елбасы , Ұлт көшбасшысы «Nur Otan» партиясының ХVIII сьезінде еліміздегі 7,5 млн. тұрғынның әл-ауқатын жақсарту мақсатында болашағы зор ауылдарды іріктеп, сол ауылдарда әлеуметтік саланы дамыту, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізуді қарастырып, «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған еді.
Біздің ауданда Елбасы тапсырмасының жемісі көп күттірген жоқ. Солардың бірі бұқаралық спортты дамытуға жол ашатын осындай шағын спорт алаңдары ауданның барлық ауылдарында дерлік салынып жатыр. Оның біразы биылғы жылдың өзінде пайдалануға берілді.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында Құмжарған ауылында құны 4,5 млн. теңгенің жасанды төсенішті алаң бүгін салтанатты ашылды. Ашылу салтанататында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев ауыл тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтап, салауатты өмір салтын серік ететін жастардың көбеюіне тілектестік білдірді. Ауыл ақсақалы жастарға ақ тілегін арнап, бата берді. Салтанатты шара соңы шағын футболдан ауыл жастарының жолдастық турниріне ұласты.