Экономика

Кәсіпкерлерге кеңес берілді

Өткен аптада ауданымызға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов бастаған ақпараттық-насихаттық топ келіп, аудандағы кәсіпкерлер мен шаруа қожалық төрағаларымен кездесу өткізді. Топ құрамында кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық басқармаларының басшылары мен қаржы институттарының «Атамекен» палатасының және Екінші деңгейлі банк өкілдері бар. Онда алдымен аудан әкімі Асқар Қазыбаев кәсіпкерлік саласы бойынша ауданда атқарылған жұмыстармен жүзеге асқан кәсіпкерлік жобалар жайында мәлімет берді. Негізінен, ауыл тұрғындары қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген несиелеу, лизингке техниканы сатып алу, субсидия мәселелері жөнінде сұрақтарды көтерді.  «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директорының орынбасары Жанайым Ербатырова қаржы мәселесі бойынша тоқталса, Ақтөбе облысы кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов халықты кәсіппен айналысуға бейімдеп, еліміздің экономикасын бірлесіп көтеруге шақырды. Расында тұрғындардың шағын және орта бизнеспен айналысуына ешқандай кедергі жоқ. Мұндай кәсіппен айналысамын деушілер болса, оларды қолдауға үкімет тарапынан мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер беріледі. Бұл бағдарламалардың барлығы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Жиын үстінде жаңадан кәсіп ашқысы келетіндерге кеңестер беріліп, тұрғындар тарапынан облыстан келген арнайы мамандарға қайтарымсыз несие яғни гранттар ұту, несиені өтеу үшін өнімнің айналымға түскенше демалыс уақытын ұзарту жөнінде толық түсіндіріп өтті. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Құсайын Сарсембай облыс бойынша ветеринариялық қызмет саласының жай-күйі және ветеринариялық-санитарлық бақылауды қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндап, қазіргі ауылдық округтерде өршіп тұрған мал ауруының алдын алу туралы ветеринариялық іс-шаралар бойынша ақпарат берді. Сырғалау, қан алғанда малдың жасын, жынысын, түсін нақты айтып, дерекқорға енгізу керектігін жеткізіп, жұқпалы ренотрохит ауруы бойынша кеңірек мәлімет берді. Бұл ауру адамға жұқпалы емес. Күйіс қайыратын малдарда кездеседі. Сондықтан малға вакцина егу жөнінде де толық түсіндірді. Сонымен қатар, тұрғындардың сауалына толық жауаптар берілген соң, жиын соңында азаматтарды толғандырған мәселелері бойынша жеке қабылдау өткізді.

Г.АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар