Әділбек НҰРТАЗИН, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті экология кафедрасының оқытушысы, «Жасыл мекен» компаниясының директоры:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында экология мәселесіне ерекше тоқталды. Әсіресе оның «Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек» деген пікірін толық құптаймын.
Бұл мақсатта елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының жүріп жатқаны белгілі. Ресми деректерге сүйенсек, «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысып, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналған. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келетінін айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлының бұны аяқсыз қалдырмауды талап еткені дұрыс.
Өз тарапымыздан өңірдегі экология саласындағы ахуалды жақсарту үшінөткен жылдың күзінде Ақтөбе қаласына фандоматтарды орната бастадық. Пластик, алюминий бөтелкелерді қабылдайтын аппараттың ауа, жер қабаттарын таза ұстауда үлесі мол. Әрі әр бөтелкеге арнайы қосымша арқылы 10 бонус беріледі. Оны жинап, сауда желілеріне, такси қызметіне, ойын-сауық орталықтарына, медициналық компанияларға жеңілдікке пайдалануға болады. Бұл Астана, Алматы сияқты орталық қалаларда жақсы жолға қойылған.
Сондай-ақ қоқысты сұрыптап, өңдеуден бөлек, адамдардың экомәдениетін көтерумен айналысамыз. Бұл мақсатта жастарға экология тақырыбында шеберлік сағаттарын өткізіп, көпшілік орындарда экожәшіктерді орнаттық. Эковолонтерлерді дайындаймыз. Меніңше, бұл іске неғұрлым көп адам жұмылдырылса, соғұрлым айналамыз да таза, табиғатымыз тамылжып тұрады. Өйткені айналып келгенде сол табиғаттан нәр алып, ауасын жұтып, суын ішеміз. Сондықтан барша ақтөбелікті Президент көтерген бастамаға — «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына қатысуға шақырамын».