Басты тақырып

Арайбектің бастамасы, құрдастарының қолдауы Ойылдың жігіттері бәйге ұйымдастырды

Соңғы жылдары Ойыл ауданында жыл сайын Наурыз мерекесінде және мамыр айындағы мерекеде ат жарысын ұйымдастыру дәстүрге айналып келеді. Алайда, мамырдағы жарыс – Ойыл өзенінің арнасынан асуы салдарынан кейінге шегерілген еді. Селоның іргесіне дейін тепкен су ұзақ уақыт қайтпады. Ойылдықтардың ауызекі тіліндегі «Сайдың асты» - арнаулы бәйге алаңы да судың астында қалған еді. Өзен қайтқанымен алаңның су жырған жолдарын қалпына келтіруге мамырдағы дамылсыз жаңбыр тағы мүмкіндік бермеді. Сондықтан, ауыл азаматтары Ойыл селосының Ашықбай тоғайы жақ бағыттағы алаңқайды қарап, арнайы алаң дайындады. Содан соң, 12 маусымға ат жарысын ұйымдастыру ұйғарылып, төңірекке сауын айтылды.

Көкжар жәрмеңкесінің 155 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл жарыстың бастамасын көтерген Арайбек Жұмағалиев болса, қолдау білдірген құрдастары Ойыл ауданының аумағында 1979 жылы туған жігіттер. Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын қазақ емеспіз бе? Елдегі шарадан ауылдың азаматтары да тыс қалған жоқ. «Ерұлан» шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Арыстанов бәйгенің жүлде қорына деп бір жылқы берсе, Ерлан Абдуов 100 мың теңге ұсынды. Ауданның намысын талай дүбірлі додаларда қорғап жүрген қаракемерлік көкпаршылар 150 мың теңге беріпті.

Межелі күнге таяу алаңға киіз үй тігіліп, барлық шаралар ойластырылды. Бәйге десе делебесі қозатын көрермендер таңғы сегізден бастап алаңға қарай ағылды. Мерекеге жиналғандарды аудан әкімі Асқар Қазыбаев құттықтаса, ауыл ақсақалы Өтеген Сағатов бата берді.

Алдымен көмбеге құнандар жіберілді. Бәйге алаңының бір айналымы үш шақырым. Тоғыз шақырымдық бәйгеге 13 атбегі құнандарын әкеліпті. Демек, құнанадар үш айналым. Әрине, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, ауыздығымен алысып, шабандозға бас бермегенімен бабы төмен құнандар алғашқы айналымнан кейін-ақ жарыс жолынан шығып қалды. Қобдалық Қобылан деген шабандоздың мінген Ғалымжан Сулихановтың «Айшахы» оқ бойы озық келсе, Қайсардың тақымындағы ақшатаулық Мұхит Рахатовтың  «Хабары» мәреге екінші болып жетті. Басынан алда отырған Бауыржан шабандоз құнанының қарымын есептей алмаса керек. Темір ауданының Алтықарасу ауылынан келген Алтынбек Серғазиннің «Қараталы» үшінші жүлдеген ілікті.

24 шақырымға белгіленген «аламан бәйгеге» 11 қосылды. Бес айналым бойы алғышқы болып мәреден өткен көптоғайлық Саян Сағындықовтың «Әденторысы» үшінші болып келсе, Күмісбек Базаровтың «Бақторысы» екінші жетті. Атырау облысы Сағыз ауылынан келген Азамат Құраловтың «Тасқыны» бауырын бәйгенің соңына таман жазды. Шабандозы Орынбек те атының күшін есептей білетін «Тасқынның» сыралғы серігі екен. Соңғы айналымдарда көсіле шапқан «Тасқын» мәреден бәрінен бұрын өтті. Тағы бір айта кетерлігі, Саян мен Күмісбектің шабандоздары — ағайынды Қадырбек пен Жазылбек Құмаровтар. Жеңімпаздарды аудан әкімі мен ұйымдастырушылар арнаулы тігілген жүлделерін тапсырып, жеке-жеке марапаттады.

Ат спортынан бөлек, кез-келген тойдың көрігі болған сайыстар – қол күрес пен арқан тартуда ауыл жігіттері күш сынасса, Ойылдың көкпаршылары жаппай көкпар ұйымдастырды. Шақырылған қонақтар мен бәйгеге ат қосқан атбегілерге киіз үйде ас берілді.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар