ӘкімдікБасты тақырып
Ауыл – берекенің ордасы
Ауыл шаруашылығы қызметкерлері қандай құрметке де лайық. Дегенмен, бұрынырақта елеусіздеу қалғаны рас. Алайда, 2012 жылдың 18 қарашасы күні Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы кәсіби мерекелер және атаулы күндер туралы» Жарлығына сәйкес қараша айының үшінші жексенбісі белгіленуі көне дәстүрді жаңғыртуға жол ашты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін атап керсетті.
Халықтың әл-аухаты мен өнім сапасының жақсы болуы — ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Елдігімізді еселеп, мемлекеттігімізді нығайтқан осы жылдардың ішінде ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттің қолдауының арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, ел экономикасын дамыту мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырудағы жетекші күшке айналды. Ол экономикасының өзегін ауыл шаруашылығы құрайтын біздің ауданда да шынайы көрініс беріп отыр. Ауыл шаруашылығының дамуы бойынша мемлекеттiк бағдарламалардың орындалуы саланың дамуындағы оң өзгерiстерге қол жеткiзуге, елiмiздi азық-түлiкпен қамтамасыз ету қауiпсiздiгiне лайықты үлес қосуға өз септiгiн тигiзуде. Мемлекетіміз тарапынан ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін қолдау, көмек жылдан-жылға ұлғаюда. Мұндай ынталандыру шараларымен мал шаруашылығы саласының барлық бағыттары дерлік қамтылған.
Кеше «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында осы айтулы күн аталып өтті. Алдымен аудандағы ауыл шаруашылық саласы бойынша жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар туралы бейнебаянды тамашалаған еңбек майталмандарын аудан әкімінің орынбасары Асылан Кенжебаев құттықтады.
Көптоғай ауылдық округінің «Саят» шаруа қожалығының басшысы Асхат Әбішқалиев, Қараой ауылдық округінің «Жиенбек» шаруа қожалығының басшысы Сансызбай Жұмабаев, Берсиев ауылдық округінің «Бибінұр» шаруа қожалығының басшысы Сансызбай Молдағұлов, Қараой ауылдық округінің «Айбол» шаруа қожалығының басшысы Серікбол Жантолы, Қайыңды ауылдық округінің «Шағатай» шаруа қожалығының басшысы Сейсенбай Тілегеновтер «Үздік шаруашылық» номинациялары бойынша марапатталса, Саралжын ауылдық округінің «Тәжібай Агро» жауапкешілік шектеулі серіктестігінің механизаторы Алмат Дағынов, Ойыл ауылдық округінің Мұрагер шаруа қожалығының механизаторы Самат Дауылов, Берсиев ауылдық округінің «Саға» шаруа қожалығының механизаторы Дәурен Хасенов, Көптоғай ауылдық округінің «Сағын» шаруа қожалығының механизаторы Тұрар Сағынов, Сарбие ауылдық округінің «Дербіс» шаруа қожалығының механизаторы Айболат Жанахметов, Көптоғай ауылдық округінің «Идеят» шаруа қожалығының механизаторы Дәурен Қошқаров, Сарбие ауылдық округінің «Жақып» шаруа қожалығының механизаторы Сәкен Жақып, Ойыл ауылдық округінің Елдос шаруа қожалығының механизаторы Жандос Аққонысовтар «Үздік механизатор» атанса, «Үздік малшы» номинациясы бойынша Көптоғай ауылдық округінің «Әмір» шаруа қожалығының малшысы Серік Кенжебаев пен Ойыл ауылдық округінің «Хажи» шаруа қожалығының малшысы Қылышбек Қазыбаевтар марапатталды.
Аудан бойынша Саралжын ауылдық округінің «Нұр Асыл» шаруа қожалығының шопаны Нұрбол Жұмағалиев «Үздік шопан» деп танылса, Ойыл ауылдық округінің «Тұлпар» шаруа қожалығының жылқышысы Игорь Майко «Үздік жылқышы» атанды.
Мерекелік шара соңында ауыл еңбеккерлерін аудандық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сүйіндік Өскінбаев құттықтады.
Табиғаттың қай мезгіліндегі құбылысқа қарамастан, малын бағып, шөп шауып, отбасының напахасын тауып отырған азаматтарға құрмет бір күндік шарамен шектелмесе керек. Қаланың да, даланың да дастарханындағы дәм осындай қарапайым еңбеккерлердің арқасында келетінін әркімнің де түсінуі тиіс!