ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпДенсаулықМәдениет
Би падишасына құрмет Туған жерінде басталды
Халық фольклорының көне түрінің бірі – қазақтың би өнері. Оның түп-тамыры ғасырлар қойнауынан нәр алады. Оған қазақтың өткен тарихынан сыр шертетін тастағы суреттер мен ғалымдардың этнографиялық жазбалары дәлел. Осы тұста, биыл туғанына 100 жыл толған жерлесіміз, Нұрсұлу Тапалаованың да бекзат өнердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқаны сөзсіз!
Нұрсұлу Тапалова 1923 жылы 13 қыркүйекте Ақтөбе облысының Ойыл ауданында өмірге келген. Елубайдың талапты қызы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өнерге бет бұрып, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысты.
1934 жылы Алматыдан жаңа құрылған Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі Ойылға гастрольмен келеді. Ұжымды ұйымдастырушы және басқарушы А.Жұбанов бастап келген өнерпаздар ойылдықтарға үш күн рухани ләззат сыйлап, ауылды мерекеге бөлейді. Осы сапар күндері алдарында билеген 11 жастағы Нұрсұлудың талантын байқаған Ахмет Жұбанов оны өнер деген үлкен салаға бағыттап, оған кәсіби білім алуға жол сілтейді.
Қазақ би өнерінің қалыптасуына үлес қосып, ел мәдениетінің дамуына аянбай тер төккен саңлақтардың елеулі есімдері қашан да тарих қойнауында жаңғырып тұратыны анық. Тарихқа көз жүгіртсек, ұлттық өнердің өркендеуіне үлес қосқан өткен ғасырдың отызыншы жылдары елдің білікті де өнерлі азаматтары бас біріктіріп, өмір сахнасында тәрбиеленіп, сахна саңлақтарының қатарына қосылды. Одан әрі өздерінің түйгенін келер ұрпаққа насихаттап, өскелең жастарды тәрбиеледі.
Қазақ биінің әр қимылында, иірімінде өмір бар екенін, оның түп-тамырында үлкен тарих, әдет-ғұрып жатқанын көрсете білген жерлесіміз халық билеріне жаңа дем берді. Белгілі бір биді сахналар алдында оның астарына терең үңіліп, бала күнінде көрген ою ойу, ұршық иіру, текемет басу, жүнді сабау сынды ұлттық қолөнермен ұштастыра білді. Өзінің талапшылдығы мен тынымсыз еңбегінің нәтижесінде 1947 жылы 24 жасында «Қазақ КСР еңбек сіңірген артісі» атағы берілді. 24 жасында 1947-1949 жылдары Алматы қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды.
Бүгін бишінің туған жерінде туғанына 100 жыл толуына орай аудандық Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің ұйытқы болуымен «Би падишасы – Нұрсұлу» атты тарихи-танымдық шарасы өтті. Шараның шымылдығын ашқан аудан әкімі Асқар Қазыбаев Нұрсұлу Елубайқызының қазақ биіне жаңа тыныс бергенін айта келе, «Би өнері қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан мәдени мұрасы. Қазақтың ұлттық билерінде өзінің эстетикалық болмысына сай қазақ жұртының жалпы дүниетанымын, арман-мұраттарын бейнелейтін қимылдар жүйесі қалыптасқан. Қазақ халқы ежелгі би өнерінің дәстүрі мен өрнегін сақтап, өзінің рухани қазынасымен ұштастыра отырып, ғасырлар бойы дамытқан. Бүгінде би өнері халықтың тыныс-тіршілігін, дүниетанымын айшықтайтын өнер түрі ауданда да жаңаша сипатта өркендеп, дамуда» — дей келе, Нұрсұлудың көзін көрген төл шәкірті, жерлесіміз Гүлжан Сағынованың омырауына «ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.
Көрермендер даңқты биші туралы дайындалған деректі фильм арқылы бекзат өнерді серік еткен бишінің өнердегі де, өмірдегі де көпшілікке беймәлім белесі туралы білді.
Танымдық кеш «Жұмбақ әлем» атты аймақтық би байқауымен жалғасты. Нәтижесінде жүлделі үшінші орынды Аллагүл Ержанова жетекшілік ететін ойылдық Үлгілі «Маржан» би ансамблі еншілесе, екінші орынға қобдалық Халықтық «Қарлығаш» би ансамблі ие болды.
Бірінші орынды Ақтөбе қаласы «Геолог» мәдениет үйінің жанындағы Үлгілі «Арай» би ансамблі лайық болса, бас жүлдені Алға ауданы Маржанбұлақ ауылынан келген Жансұлу Аңсатова жетекшілік ететін «Алтынай» би ансамблі жеңіп алды. Жеңімпаздардың барлығы ақшалай сыйлықтармен марапатталды.