Әлеумет

Елаға

Тегінде, «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деген сөз рас. Үлкен қызметтер атқарған, жасы үлкен, әкеммен құрдас адаммен қатар құрбыша аралас-құралас болып кетемін деген ой әу баста болған емес.

Ол кісімен осыдан екі жыл бұрын танысқан едім. Қызмет баспалдақтарының бәрінің дәмін татып, сатылап өсіп, жоғары билік дәлізінде зейнет демалысына шыққан кезі еді. Бұған дейін Елеусін деген есім-сойына Наурызбай әкесінің аты қатар жалғанып, «Елеусін Наурызбайұлы» болып келген кісімен қарапайым тілде, Елеусін аға деп сөйлестім. «Жақсының жаттығы жоқ», алғаш кезіккен күннен-ақ жақсы тіл табыстық. Әңгімеміз жарасты. Әр ойын Абай сөзімен сабақтап, тұздықтап отырады екен. Содан бергі кездесулерде мен ол кісіні белгілі бір деңгейде тани алдым деп ойлаймын.

Кеңдік
Ол кісінің бойынан ең әуелі кеңдікті байқадым. Бір қарағанда кеңдік деген сөзіңіз жомарттықтың синонимі сияқты қабылдануы мүмкін. Бірақ бұл сөздің, бұл ұғымның мән-мағынасы жомарттықтан әлдеқайда терең. Бұл ең әуелі ойдың кеңдігі, пейілдің кеңдігі. Ой мен пейіл кең болған жерде адам ешқашан тарылмайды. Қазақтың «пейілің тарылмасын» деген ұлағатты сөзі – біріншіден тілек, екіншіден тапсырма. «Кең болсаң, кем болмайсыңы» да сол. Ал енді ойдың кеңдігі дегеніңіз үлкен шаруа. Кең ойлау әркімнің қолынан келе бермейді. Елеусін ағаның осы ойлау турасындағы лекцияларының өзі – бір кітап. Ол кісі адам өмірінің қандай болмағы ойы мен ниетіне байланысты деп біледі.

Бұл кісінің бойындағы осынау кеңдік қайдан келді деген сұрақ болды. Әрине, ойдың кеңдігі – оқумен, тоқумен, ізденумен қалыптасып, пейілдің кеңдігі – әкенің қаны, ананың сүті арқылы бойыңа дариды. Оның сыртында бұл кісі перзентхананың тар бөлмесінде емес, қазақтың кең даласында дүние есігін ашқан. Анасы оны егіс даласында өмірге әкелген екен. Және туа салысымен жаялыққа орап, құндақтап тастамаған. Егіс даласынан үйіне дейін анасының тері сіңген күпіге орап әкелген. Бұрынырақта әжелеріміз ерке келіндеріне «біз бала дегенді далада жүріп-ақ туа салатынбыз» деп ескерткенінде, ертегі, аңыз әңгіме тыңдап отырғандай әсерде болатынбыз. Мына жағдайды естігенде аңыз адамнан туған ертегінің кейіпкерін көргендей күй кешкенім рас. Кең далада дүние есігін ашқан адамның кеңдігін осы жағдаймен де байланыстырғым келеді.

Көзін ашып көргені де кеңдік. Әкесі Наурызбай егіншілікпен, аңшылықпен, балықшылықпен, ұсталықпен айналысып, тұтас бір ауылды асыраған. Екі бөлмелі үйінің бір бөлмесін Тұрсын, Балқия атты екі қызы бар Қалампыр, Лиман деген кісілерге босатып беріп, өз қамқорлығына алған. Оларға жеке шым там салып беріп бөлек шығарған жылы, босаған бөлмесіне Сүйрік атты қызы бар Мақтым деген кемпір келіп кірген. Олар да Елеусін ағаның Наурызбай әкесін пана тұтқан. Одан кейінгі жылдары Жәйкен, Монтақай атты ерлі-зайыптылар да Айсұлу деген қарындасымен бірге осы шаңырақтың отына жылынып, ошағынан дәм татқан екен. Тұтас ауылды аштықтан аман алып шыққан Наурызбай әкесі 1952 жылы 65 жасында қайтыс болады. «Қыр­сық қырық ағайынды» деген рас, әкесі қайтыс болғаннан кейін бір жыл өткенде талайларға пана болған үйлері өртеніп, орнында күлі ғана қалады. Одан кейінгі жылы өзінен бірер жас қана үлкендігі бар Қобыланды ағасы шетінеп кетеді. Бар салмақ тағдырдың жүгін ар­қалап, тіршіліктің қамытын киген анасына түседі. Үйі өртеніп, екі ұлының бірінен айырылған Бақыт анасы бес жасар Елеусінді жалғыз қалдыруға қорқып, таңғы бесте оятып алып, жұмысына ар­қалап кететін болған. Сиырға шөп салатын ақырдың бір бұрышына жат­қызып қойып, жұмысына кіріседі екен. Арасында бөтелкеге құйып алған сүті мен бір жапы­рақ нанын беріп, ішіне ел қондырады. «Сол уақытта қалыптасқан таң­ғы бесте оянатын әдетімнен өмір бойы жаңылмай келе жатырмын, шетелдерде жүргенде де Қазақстан уақытымен таңғы бесте оянып аламын», дейді Елеусін аға.

Анасының бір жағына шығысып, қол­ға­нат болу мақсатында ол он бір жасында жұмысқа шығып, жазғы каникулда трактор тіркемесіндегі тырмаққа отырған. Сол жылы еңбекақысына 2 қап бидай, 1 қап тары және 2 арба шөп алған. Одан кейін бірер жыл өткенде комбайнның тіркемесіне отырған. Сол жылы қомақты ақша алған. Тапқан ақшасының тең жарымын Бақыт анасы молданың қолына ұстатқан. «Әкеңе, ата-бабаңа құран шықсын, өлі разы болмай тірі байымайды, бізге қалғаны да жетеді» деген. Осы оқиғалардың барлығы ол кісінің бойындағы кеңдікті қалыптастырса керек. Сол он бір жасында-ақ шым ойып, үй салысқан.

Биіктік
Екінші байқағаным – биіктік. Биіктен қараған адамға алмайтын асу болмайды. Бірақ адам бірден биік бола алмасы анық. Ол кісіні тағдыры о бастан күрескерлікке, қайраткерлікке тәрбиелеу арқылы биікке көтергеніне көзім жетті. Он жасынан интернатта оқыды. Айына бір рет интернат пен ауылдың ортасындағы 60 шақырым жолды жаяу жүріп өтеді. Анасына бір айлық отын-суын реттеп беріп, кері қайтады. Төртінші кластан бастап староста болуы да лидерліктің бастауы болса керек. Төртінші класс оқушысы Елеусін Сағындықовтың оқушыларды ұйымдастырудағы, тәртіпке бағындырудағы қабілетіне тәнті болған ұстазы Анна Павловна: «Мен байқап жүрмін, сен түптің түбінде жақсы адам боласың. Сенен ел басқаратын мықты маман шығады. Сенің болашағың жарқын. Тек сабағыңды жақсылап оқы. Басқасына қарама», деген екен. Кейіннен боксқа қатысып, республикалық жарыстарда топ жаруы да өзін өзі қайрауы шығар.

Училище директорының орынбасар­лы­ғынан басталған, кейіннен қала­лық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасындағы басшылық қызмет­терде барлық мәселеге биіктен қарап, жаңашылдыққа жол аш­қан. Соның арқасында қаншама жақсы нәтижелерге жетті. Білім саласындағы оң өзгерістерді айтпағанда, Ақтөбеде басталып, кейіннен республика көлемінде жыл сайын өтіп келе жатқан, дарынды оқушылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Президент шыршасының бастауында да Елеусін Наурызбайұлы тұр. Іскерлігінің арқасында жетістіктерге жетіп жүрген маман Білім және ғылым министрінің орынбасары болып тағайындалып, ол жерде де жемісті еңбек еткен. Орта мектептердегі білім беру бағдарламаларының тәуелсіз ел талаптарына, уақыт сұранысына ла­йық­талып жаңартылуынан бөлек, бұл күнде ел игілігіне айналған түрік-қазақ лицейлерінің ашылуының өзі үлкен ерлік емес пе?! Шамасы жеткенше соңындағы, айналасындағы адамдарды өмір сүруге құлшындыру, ашыққан адамға балық жеуді емес, қармақ салуды үйрету, оларды да биікке жетелеу – көшбасшыға тән қасиет.

Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында, Ақтөбе қаласының әкімі болып тағайындала салысымен, қаланы қоқыстан тазартып, суық, қараңғы үйлерге жылу мен жарық бергені де ақтөбеліктердің есінде. Зейнетақы мен жалақыларын алмағандарына жарты жылдан асқан тұрғындардың да еңселерінің ептеп көтерілгені де сол шақ екен. Әр көшенің бойындағы жабайы жайма базарлар бір жерге шоғырландырылып, ретке келтірілген. Автопарктерде қаңтарылып қалған қоғамдық көліктер де уақтылы жүре бастаған. Мектептерде бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақ ішіп, бойларын жылытқан.

«Шынайы бақытқа қол жеткізетін мәсе­ле­лерде адамдардың бірігуін мақсат ететін қала – ізгілікті қала, ал адамдар бақытқа жету үшін бір-біріне көмектесетін қоғам – ізгілікті қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету үшін бір-біріне көмектесетін адамдар – өнегелі халық. Сол сияқты ұлттар бір-біріне бақытқа жетуге көмектессе, бүкіл жер беті ізгілікке айналады…». Ақтөбенің кө­ше­леріне әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактатынан» жоғарыдағыдай үзінділер жазылған билбордтар ілінген.

Тіршілігі жанданып, жарқыраған қалаға инвестиция да тартыла бастаған. Сол кезде Ақтөбедегі қысқа мерзім ішінде болған оң өзгерістерді көзімен көрген ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Елеусін Наурызбайұлын тәжірибелі, іскер басшы, экономист ретінде жоғары бағалап, Қазақстандағы облыс орталықтары мен ірі қалалардың әкімдерін Ақтөбеге жинап, семинар өткізу керек деп шешкен. Қала менеджменті, қала әкімдеріне өтпелі кезеңде үлкен қаланы қалай басқаруға болатындығын көрсету және іс жүзінде үйрету тақырыбындағы әкімдер кездесуі Президент Әкімшілігінің қолдауымен 1997 жылдың тамызында ұйымдастырылған. Президент Әкімшілігінің басшысы Оралбай Әбдікәрімовтің жетекшілігімен өткен үш күндік семинар-кеңесте әкімдер за­манауи технологиялармен жұмыс іс­тейтін өнеркәсіптік кәсіпорындарда, ком­муналдық қызметтерде болып, шағын және орта бизнесті дамыту әдістерімен та­нысқан.

Елеусін Наурызбайұлы кейін облыс әкімі болғанында өңірдің «Ақтөбе – Қа­зақстан экономикасының локомотиві» деген атаққа ие болуы да бекерден-бекер емес. Сол себепті облысты басқарған жылдарында экономикалық өсімді сипаттап, цифр тізіп отырудың қажеті шамалы. Ол жылдардағы Ақтөбенің қарқынды өсуі мен қарыштап дамуы тасқа да басылды, ел жадына да жазылды. Бірақ айтулы оқиғалардың бірерін тілге тиек еткеніміз дұрыс шығар.

Біріншісі – Қобыланды батырдың сүйегін бүтіндеп, басын қарайтып, үлкен ас бергені. Қобыландының сүйегін кезінде Ноэль Шаяхметов зерттеу үшін Мәскеуге алып кеткен екен, бір бөлігі Алматыда қалыпты. Адамын жіберіп, ақшасын төлеп, Мәскеудегі сүйегін де, Алматыдағы бөлігін де алдырып, түгендеп, арулап жерлеген. Басына теңдессіз кесене тұрғызып, үлкен ас берген. Мемориалдық кешеннің ашылу салтанатындағы қойылымға 2 500 адам қатысқан. Әйгілі астағы дала театрының қойылымын тамашалаған сол кездегі Мә­дениет министрі Ермұхамед Ертісбаев: «Мынаның жанында «Көшпенділер» фильмінің массовкасы ойнамай қалды» деген екен.

Киелі жерге әйгілі эпостың кейіпкері, қазақтың батырлар жырындағы ең кемел қаһарман – Қобыландының сүйегін жерлеп, елдегі ең ірі кесенені тұрғызу – түбі бір түркі жұртының рухани өміріндегі ма­ңызы терең, мазмұны бөлек оқиға болған. Қазақ баласының құлағына сіңісті эпостың кейіпкері, ел тарихындағы ең айбынды, аруақты батыр – Қобыландының рухы қайта оралған. Ғылыми мүмкіндіктер пайдаланылып, Қобыланды батырдың бет-пішіні мүсінделген.

Тағы бір ерлікке пара-пар ісі – жер беті­нен жойылып кете жаздаған туған ауы­лын қалпына келтіруі. Парламент Сена­тын­дағы депутаттық мандатын тапсырып, облыс әкімі болып тағайындалып, сол кездегі Астанадан туған өлкесіне келгеннен кейін кіндік қаны тамған ауылына барады. Барса, ауылының өзі жоқ, орны ғана қалыпты. Уақытында алпыстан аса түтіні бар ауылында айналасы бірер жылда үш-ақ үй қалған екен. Ұзындығы жетпіс, ені отыз-қырық шақырымды құрайтын жері бар, Батпақты, Егіндібұлақ сынды өзендері бар, нулы, сулы ауылдағы қалың елден бір мүгедектігі бар кісі, екі зейнеткер қария және жалғыз баласы бар жесір келіншек қана қалыпты. Кезінде екі мың жылқы жайы­лып жүретін құнарлы жерде жаман лақ та көрінбейді. Бұның жалғыз себебі сол, мек­тепті жауып, жарықты қиғаннан кейін-ақ жұрт үдере көшкен.

Қолынан іс келетін адамдарды жинап, шаруа қожалығын құрып, әртүрлі бағдарламамен несие алу арқылы егін егіліп, өріске мал толтыру жұмыстары жа­салған. Ауылға жарық, су, газ құбырларын тартып, көшіп кеткен тұрғындарды іздеп тауып, елге оралыңдар деген. Мектепті ашуға бала саны жетпегендіктен, жақын маңдағы ауылдардың балаларын да оқыту үшін интернат салдырған. Бұрынғы жеті жылдықтың орнына он бір класты орта мектеп салып, жан-жақтан мұғалімдер алдырған. Кейінгі жылдарда осы мектептен он «Алтын белгі» иегері шыққанының өзі мектептегі білім сапасын, еңбектің өтелгенін білдірсе керек. Ауылда демеуші жігіттердің көмегімен үйлер салынған. Жарық беріліп, мектеп ашылғаннан кейін-ақ үдере көшкен ел атажұртына орала бастаған. Мәдениет үйі мен мешіт, стадион бой көтерген. Жүк машиналары мен тракторларды жөндейтін МТС-тері де болған. Осылай түтіні біржола өшіп кете жаздаған туған ауылының отын қайта тұтатқан. Бұл турасында ол: «Әрине, облыс әкімі ретіндегі негізгі жұмысым бұл емес. Мен жалпы облысқа жауап беретін адаммын. Бірақ туған ауылыма да маңдай терімді сіңіргім келді. Ауылым қалпына келе баста­ған сайын көңілім көтеріліп, жаным марқая бастады», дейді.

Осы арада, әңгімеміз құрғақ сөз болып кетпес үшін, бір жылда ғана атқарылған істің қысқаша дерегін келтіре кетейік. 2008 жылдың қыркүйек айында жиырмадан астам зауыт-фабрика мен 3,5 мың адам бір мезгілде намаз оқитын орны бар орталық мешіт, 2000 орындық православие храмы, жылына 1,5 млн адамға қызмет көрсететін, құрылысы 10 млн 300 мың доллар болатын жаңа аэропорт ашылған. Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облыстары аралығындағы 570 шақырымды құрайтын жоғары вольтті электр жүйесі іске қосылған. Никель-кобальт өңдейтін фабрика, силикат кірпіші мен газобетон шығаратын зауыттар, хром өңдейтін жаңа тау-кен комбинаты, жез-мырыш комбинаты, газ-турбиналық электр стансасы, шпал шығаратын, базальт өндіретін кәсіпорындар іске қосылған. Бір жылда барлығы 100-ден астам нысан іске қосылған. Осыған байланысты облыс экономикасы бірден екі есе өсіп, 2003 жылы облыстың ішкі жалпы өнімі 190 млрд теңге болса, 2006 жылы 600-700 млрд теңгені құраған.

Осындай үлкен әлеуетті ескерген Пре­зидент сол жылы Қостанайда өтеді деп ­жоспарланған Қазақстан – Ресей шекаралас аймақтарының форумын күтпеген жерден Ақтөбеде өткізуді ұсынған. Және бұл форум бұрынғыдай тек шекаралас аймақтардың форумы емес, бүкіл Ресей мен тұтас Қазақстанның форумы болған. Ресейден бұрынғыдай 11-12 аймақтың басшысы емес, 34 аймақтың басшылары келген. Оның ішінде Татарстанның, Башқұртстанның, Ингушетияның, Қалма­қияның Президенттері қатысқан.

Бұл ел экономикасы мен әлеуетінің қарқынды өсуінің бір ғана мысалы. 2011 жылы «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» республикалық жастар жобасына 600 мыңнан астам адам қатысты. Осы мега-жобаның бастауында да ақтөбеліктер тұрды. Облыстық іс-шара республикалық деңгейге жетті. Бұл жоба 2005 жылы басталған. Бастапқыда құрылыс отрядтары 500 болса, 2010 жылы 2 500-ге жеткен. Осы жылдар аралығында қаншама ауыл абаттандырылды.

2005 жылдан тікелей Елеусін Наурыз­байұлының қолдауымен «Ауылдың гүл­денуі – Қазақстанның гүлденуі» атты облыстық жастар марафон-эстафетасына 50 мың студент пен оқушы және 20 мың жұмысшы жастар, барлығы 70 мың адам қатысқан. Ақтөбелік жастардың елді мекендерді көріктендіріп, әлеуметтік объектілердің құрылысы мен жөндеу жұ­мыс­тарына қатысу бастамасы облыс тұрғындарының ризашылық сезімін тудырып, үлкен қолдауға ие болған. Осынау ауқымды іс-шараны іске асыру үшін облыстық бюджеттен 1 млрд-тан астам теңге бөлінген.

2010 жылы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Ақтөбеге жұмыс сапарымен барғанда жастардың марафон-эстафетасын, оны ұйымдастырушылар мен қатысушылардың жасаған жұмыстарын жоғары бағалап, сол жобаны Қазақстанның өзге де аймақтарында жалғастыруды міндеттейді. Сөйтіп, бұл бастама кеңінен қолдау тауып, республикалық мега-жобаға айналған. Осы жобада жетістікке жеткен қатысушыларға бір ғана 2010 жылы 65 автокөлік, 1200 ноутбук, 2 500 адамға Астанада демалуға жолдама берілген. Ауылдарды абаттандырып қана қоймай, әр перзенттің туған жеріне деген құрмет сезімін оятатын бұл жобаның қаншалықты жемісті болғаны әмбеге аян.

Елеусін Наурызбайұлы Ақтөбе облысына әкім болып барғанда «Ақтөбе» футбол клубы республикада соңғы орында болған. Бір ғана клубтан жоғары тұрған. Көңіл бөліп, жанашырлықпен қарағанның арқасында 2005, 2006 жылдары Қазақстанның жоғарғы лигасында чемпион болды. 2007 жылы күміс жүлдегер атанса, 2008 жылы қайтадан чемпион болды. 2009 жылы тағы да күміс жүлдені иеленіп, 2010 жылы қайтадан чемпиондықты жеңіп алды. 2011 жылы да «Ақтөбе» Қазақстанның жоғарғы лигасында көш бастады. Және 2004-2011 жылдар аралығында «Ақтөбе» клубы екі мәрте Қазақстанның супер кубогының иегері атанып, екі мәрте ТМД мен Балтық жағалауы елдері кубогының күміс жүлдегері болды. Бұдан бөлек, қатарынан алты жыл Еуропа лигасында ойнап, Қазақстанға ең көп ұпай әкелген команда болғанын жанкүйерлер ұмытпаса керек. Бұл еліміздің спорт тарихында болмаған жетістік еді.

Бұл айтқандарымыз – Елеусін Наурыз­бай­ұлы атқарған мың сан шаруаның бірері ғана. Әйтпесе, оның атқарған істерін тізе берсе, том-том болары сөзсіз. Оны Ақ­төбе халқы әлі күнге жыр қылып айтады. Осыдан біраз бұрын ақтөбеліктердің инстаграмдағы парақшасында сол өңірді осыған дейін басқарған әкімдердің қайсысы елге пайдалы жұмыс істеді деген сауалдама жүргізіліп, сонда басым көпшілік Елеусін Наурызбайұлының есімін атаған.

Ақтөбе облысының әкімі қызметінен кейін бірнеше жыл қайтадан Парламент Сенатының депутаты болды. Ол жерде де абыройлы жұмыс істеді. 2013 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шақырып алып:

«Ақтөбеге (облысқа) қайтадан әкім болып барасың ба?», деп сұрапты. Сонда: «Жоқ, жастар барсын», деген екен. Сәл үнсіздіктен кейін Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бұндай ұсыныстан бас тартып отырған сен бірінші адамсың», депті.

Елеусін Наурызбайұлының осы мінезін биіктік демегенде, не дейміз?!

Тереңдік
Елеусін ағаның бойындағы тағы бір қасиеті – тереңдігі. Ол – терең ойлайтын адам. Жинаған ілім-білімі де терең. Сонау бала кезінде анасына, көрші-көлемнің үлкендеріне батырлар жырын, аңыздар мен ертегілерді оқып беруден басталған кітапқа деген құмарлығы бір кемімеген екен. Қазақ ақын-жазушыларынан бөлек, әлем әдебиеті өкілдерінің шығармаларымен, философтарының еңбектерімен жете таныс. Алты құрлыққа аты шыққан саясат­кер­лердің де тұжырымды сөздерін жатқа айтады. Соның бәрінен артық көретіні – Абай. Абай жырлары, Абай қарасөздері ол кісінің өмірлік темірқазығы іспеттес. Ұлы ойшылдың кітабы Елеусін ағаның айырылмас серігіне айналған. Отырса үстелінің үстінде, жатса төсегінің басында тұрады. Үйде де, кабинетте де, көлігінде де – Абай кітабы. Шетелдерге жиі шығатын бұл кісінің жол сөмкесінің бір бұрышында да Абай кітабына орын бар. Ұшақ­та ақша бұлттардың төбесінде ұшып бара жатқанында да қолында Абай кітабы болады. Абаймен сырласады, Абаймен мұң­да­сады. Қара өлеңімен қанаттанып, қара­сөзімен қайраттанады. Негізінде, Абай­дың нұрын сіңірген адамның сәулелі болатыны анық қой. Елеусін аға сондай сәулелі адам. Сөздерін Абай өлеңдерінің, қарасөздерінің үзінділерімен сабақтап отырады. Биік мін­бер­де жасайтын баяндамасында да Абай сөздері айтылып жататын.

Бұл кісінің күнделік жазатынын кейін­нен білдім. Бір күні сол күнделігін ашып, оқып берді. Күнделігі де Абай өлеңдерінен алынған үзінділерге самсап тұр. Және ол үзінділерді жайдан-жай жаза бермеген. Өзі жазып отырған сол күнгі оқиғаларды тілге тиек еткен. Сонымен Елеусін ағаның күнделігіндегі менің көзім түскен Абай жолдары мыналар:

«Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, Адам­ның хикмет кеудесі…».
* * *
«Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса, басқа дәулет құралмаған.
Күніне мың пәлеге жолықсаң да,
Сонда да күдер үзбе бір Алладан»,
* * *
«Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды Һәм көрік болады. Егер де адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады»
* * *
«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек»
* * *
«Мен боламын демеңдер,
 Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің аларып,
Құр қарарсың аспанға.
* * *
«Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмиша өмір өтпек, ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек».
* * *
«Ниетің түзу болса сенің аппақ,
Екі елі аузыңа қойсаң қақпақ.
Сыбыр, өсек дегенді сырттай жүріп,
Ғылым, өнер, мал таппақ,
жұртқа жақпақ»
* * *
«Күшік асырап, ит еттім,
 Ол балтырымды қанатты.
 Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды – мені атты».
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
 Еңбегің мен ақылың екі жақтап»
* * *
«Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бір кемел?
Берекелі болса ел –
Жағасы жайлау ол бір көл»,
* * *
«Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз», –
* * *
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті».
* * *
«Адамның адамшылығы істі баста­ға­ны­нан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес»
* * *
«…өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тас­­тамайды», «Еңбекті сат, ар сатып неге керек?», «Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық, Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық»
Осы жолдардан Елеусін Наурыз­бай­ұлы­ның Абайдан қандай тәлім, ғибрат алғанын, сол арқылы қандай ұстанымда болғанын білуге болатындай.
Ол тоқсаныншы жылдары ғылыммен айналысып, Вознесенский атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік экономика және қаржы университетінде 1997 жылы «Еңбек нарығы мен білім беру қызметтерін рет­теу­дің әдіснамалық негіздері» атты тақы­рып­та кандидаттық дисертация қорғаған. Кейіннен сол университеттің докторантурасына түсіп, төрт жылда төрт монография жазып, орталық баспасөзде 60-тан астам ғылыми мақала жариялаған. «Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын басқару» оқулығының авторы болды. Бұл оқулықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі екі рет қайта басып шығарған. Осындай ыждаһатты еңбектің нәтижесінде 2001 жылы диссертациясын сәтті қорғап, экономика ғылымының докторы атанды. «Ғылыммен айналысуым менің кейінгі қызметтерімде көп көмегі тиді. Мен әр нәр­се­ге ғылыми негізде қарайтын болдым», дейді ол.

Жетпістен асқан, зейнетке шыққан адам­ның енді не істеуіне болады? Бұл жас­та көп адам ізденісті тоқтататыны жасырын емес. Ал Елеусін аға олай жасамаған. Ізденген, оқыған, тоқыған. Және сол дүниелерінің барлығын «Қорытынды ойларым» деп келешек ұрпаққа аманат қылып қағазға түсірген. Сол дүниесін оқып отырып таңғалдым. Көпті көрген, көп іс тындырған, қайраткерлік танытқан өнегелі адамның айтпақ ойы мүлде тереңде. Қазіргі жастар «Қалай тез байып кетуге болады» деген шетелдік бестселлерлердің бес-алтауын оқығанша, Елеусін ағаның «Қорытынды ойларын» оқыса жеткілікті болатын сияқты. Себебі осы жазбаны оқып отырып адам өзіне байлық деген не, бақыт деген не, жетістік деген не және бұларға қалай жетуге болады, бай, бақытты, жетістікті болу үшін адам өз бойындағы қандай қа­сиет­­терді қалай дамытқаны жөн, қандай құн­дылықтарды жоғары бағалауы керек, тіпті қалай ойлау керек деген қазіргі күнгі трендтегі сауалдарға өте дәл жауап береді. Әрі өз еліміздің, қазақтың менталитетін сақтай отырып, яғни жаңа дүниеге, жаңа көзқарасқа, ескі дәстүрді жоққа шығармай же­тудің жолын көрсетеді. Бұл жазбаларды адамдыққа, азаматтыққа, кәсіпке ұмтылған, білу мен үйренуге талпынған әрбір жас оқуға тиіс деп ойлаймын.

Түйін
Жеке өміріндегі, мемлекеттік қызметтегі кей сәттеріне қысқаша тоқталғаным болмаса, Елеусін Наурызбайұлының кісілігі мен қайраткерлігін толық сипаттаған жоқпын. Және оның бәрін бір мақалаға сыйдыру мүмкін де емес. Өмір бойы Абай айтқан бес нәрсеге ғашық болған, бес нәрседен қа­шық болған, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі болуды мақсат еткен адам туралы мерейлі жасында осылай бір қайыруды жөн санадым. Өзін өзі тәрбиелеген, қажымай қызмет атқарған, жетпістің бел ортасына келсе де ізденісін тоқтатпаған адамның кісілік келбетінің кілтін өз сөзінен таптым. Жазып отырған мақа­ламды да Елеусін ағаның өз сөзімен түйіндейін. Ел ағасы жасына жетіп, Елаға атанып отырған Елеусін Наурызбайұлы былай дейді: «Қаршадайымнан өмірдің қиыншылықтарымен бетпе-бет келіп, мойымай күресіп, жеңіп шыққан болсам, ол арысы – Алыбай, берісі – Барсай бабаларым мен Тауасар әкемнен қалған күрескерлік. Еліміздің ең жоғарғы заң шығарушы органы – Парламент Сенатының екі мәрте депутаты болсам, ол – өз дәуірінің әділ биі атанған Сағындық би атамнан қалған ақыл мен парасат. Тұтас бір өңірдің тізгінін қолыма алып, екі тізгін, бір шылбырды тең ұстап, ат үстінде жүрген болсам, ол – қара басының қамын ойламай, ел үшін еңбек еткен өз әкем Наурызбайдан жұққан қажыр мен күш. Айналама қамқор болып, біреуге көмектескен болсам, ол – анамнан көрген мейірім».

Қайраткерлікті бағалаудағы бір-бірінен ажырамас үш ұғым, үш өлшем – кеңдік, биіктік, тереңдік тұрғысынан қарағанда, Елеусін ағаның мен көрген кісілік келбеті осындай.
Бейбіт САРЫБАЙ.

«Егемен Қазақстан» газетінің сайтынан алынды.

Басқа жаңалықтар