Басты тақырып
АЛДА АТҚАРЫЛАР ІСТЕР АУҚЫМДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес осы тоқсандағы аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі өткен сәрсенбі күні Екпетал елді мекенінде басталды.
Аудан әкімі Асқар Қазыбаев алдымен Ойыл ауданының І-ші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуына және алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Екпетал елді мекенінде алдыңғы жылы тұрғындардың талап-тілектері бойынша ауыл балаларына арналып, заманауи үлгідегі жасанды төсенішті шағын футбол алаңы салынды. Ал газдандыру, жолды жөндеу жұмыстары келер күннің еншісінде. Сондай-ақ аудан басшысы ауылдағы жастарға жеке тұрғын үй салу ісін дамыту қажеттігін айтты.
Ал ауыл тұрғындары көгілдір отынның тезірек келуін сұрайды. Жаңабаз ауылының тұрғындары бұрыннан көтеріп келе жатқан мәселе — Жаңабаз ауылымен арадағы бір жарым шақырымдық жолға электр шамдарын орнатып беруді сұрайды. Сондай-ақ, бұралқы иттердің қаптап кеткенін жеткізді. Оған жауап берген Ақтөбе облысының ветеринария басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ойыл аудандық ветстанциясы» МКК-ның директоры Серік Сармұқанов бұралқы иттерді ұстау-бағу, аулау туралы ережелерді түсіндірді. Екпетал елді мекенінің тұрғыны Нұрлан Бисембин ауылда құрылыс саласын жандандыруды ұсынды.
Ал, ауданда биыл көптеген ауқымды істер атқарылмақ. Аудан басшысы ауыларалық жолдар мен газ құбырын тарту сияқты ауқымды жұмыстар биыл да үлкен көлемде атқарылғалы отырғандығын мәлім етті. Ауданда мал өсімі байқалады. Кәсіпкерлік саласы өткен жылмен салыстырғанда 107,5% өсіп отыр. Сондай-ақ ,мардымды жүзеге асқан межелі істерге шолу жасасақ, аудандық маңыздағы автокөлік жолдарын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Ойыл-Қараой 0-15, 15-30, 30-45, 60-75 км» автокөлік жолына орташа жөндеу жұмысына жобалау-сметалық құжаттары жасақталып, 590,968 млн теңге бөлініп, сараптамадан өткізілуде. Оған қоса аудандық маңыздағы Көптоғай, Шұбарши, Сарбие, Қайыңды ауылына кіре беріс, автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау сметалық құжаттары жасақталып, қаражаты бөлінді.
Ауылішілік автомобиль жолдарын орташа жөндеуге аудан бойынша биыл 11 көшеге барлығы 412 млн. тг бөлініп отыр.
Тұрғын үй құрылысы бойынша атқарылып жатқан шараларға көңіл тояды. Құрылыс жұмыстары бойынша коммуналдық тұрғын үйлердің абаттандыру инженерлік желілерінің құрылысын жүргізу үшін аудандық бюджеттен 13 млн теңге, сонымен қатар 8 екі пәтерлі 156,2 млн, 6 бір пәтерлі коммуналдық жалдамалы тұрғын үй салуға 68,5 млн теңге бөлінген. Таза ауыз су бойынша биыл Қарасу, Шұбарши ауылдарына орталықтандырылған ауыз су құбыры жүргізіледі. Газбен қамту 2022 жылғы жоба бойынша Аманкелді, Көптоғай, Екпетал, Қаракемер, Ақшатау, Шиқұдық, Кемер, Ақкемер елді мекендеріне газ құбырына жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өткізілуде.
Р.S Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға толық жауап берілген соң, аудан әкімі мен мекеме басшылары азаматтарға жеке қабылдау өткізді.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл-Екпетал-Ойыл.