Басты тақырыпМәдениет
ҮЙІРМЕНІҢ ҮЙРЕТЕРІ КӨП
Аудандық оқушылар үйіндегі үйірмелер мектеп оқушыларының бос уақытын мазмұнды да, мағыналы өткізуге жол ашады. Сондай-ақ, балалардың өнерін шыңдауға және танымын кеңейтуге үлес қосады.
Өткен сейсенбі күні аудандық оқушылар үйінің ұйымдастыруымен «Үйірменің үйретері көп» атты жас түлектерге куәлік табыстау рәсімі өтті. Аудандық мәдениет үйінің фойесінде үйірме оқушыларының жетістіктері, суреттері, қолөнер бұйымдары жинақталған көрмені таныстырумен басталды.
Осындай игілікті істерді балаларға үйірме жұмыстары арқылы үйретіп, сурет салу мен халықтық қолөнер бұйымдарын жасауға баулуда оқушылар үйіндегі үйірме жетекшілерінің орны бөлек. Соның ішінде Әйгерім Бисембина, Алмат Әдебиетов жетекшілік жасайтын «Бейнелеу өнері» үйірмесінің жас түлектері биылғы оқу жылын сәтті аяқтады. Облыстық, халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары Сабина Ертай, Бекзат Байтекешов, Дариға Ғалымжанова дипломдық жобаларын жоғары деңгейде қорғап, бітіру куәліктерін алды.
Ойыл аудандық оқушылар үйінің директоры Берікбол Қарағұлов үйірме оқушылары мен жетекшілеріне, ата-аналарға алғыс білдіріп, облыс, республикалық сайыстырда топ жарып жүрген жас шеберлер мен суретшілерді марапаттады. Келесі кезекте Ойыл аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподағының төрайымы Гүлмира Избағамбетова жас түлектердің ата-аналарына Алғыс хат табыстады. Би мен әнге өрілген шарада ата-аналар, кеш қонақтары ізгі лебіздерін білдіріп, Ойыл аудандық саз мектебінің өнерпаздары әсем әндерін жолдады.
Г.АБАЙҚЫЗЫ.