ӘлеуметБасты тақырыпДенсаулық

МӘМС: ҚОЛЖЕТІМДІ МЕДИЦИНА

Қазақстанда ауылдық елді мекендерде халықтың 38%-ы тұрады. Олардың басым бөлігі ресми жұмыс істеп, МӘМС-ке жалақыдан аударымдар мен жарналар төлейді. Кейбір азаматтар дербес төлеуші ретінде (айына 4250 теңгеден төлеп) сақтандырылған.

Бүгінгі таңда Ойыл ауданында 12 мыңнан астам адамның сақтандырылған мәртебесі бар, ал  барлық сақтандырылған азаматтар төлеген жарна мөлшеріне қарамастан МӘМС тізіміне кіретін медициналық көмектің қажетті көлемін алуға құқылы.

Ауылдық елді мекендердің тұрғындары медициналық көмек алу үшін алдымен учаскелік дәрігерге бару керек. Әр елді мекенде дәрігерлік амбулатория немесе медициналық пункт болады.

«Қандай да бір ауырсыну болса, пациент алдымен учаскелік дәрігерге баруы керек. Дәрігер оның жағдайын бақылап, ем тағайындайды немесе бейінді маманның кеңесін алуға аудандық ауруханаға жолдама береді. Шұғыл жағдайда тұрғынды ауруханаға жедел жәрдеммен жібереді», – дейді Ойыл  аудандық ауруханасының бас дәрігері Сандыбек Нұрбаев.

Бейінді дәрігерге қалай жазылуға болады? 

Пациент гастроэнтерологке жолдама алды делік. Енді ол дәрігер кеңесіне аудандық аурухананың тіркеу орнына қоңырау шалу арқылы немесе оның медициналық ұйымына енгізілген медициналық ақпараттық жүйенің мобильді қосымшасы арқылы жазыла алады. Қарияларға бұл жағдайда ауылдық медбике көмектесе алады.

Егер пациент МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтерді тұтынушы болса, қабылдауға жазылып, ары қарай диагностикадан өтеді. Оның қорытындысы бойынша, ем тағайындалып, қажет болса, операцияға жіберіледі. Бұл жағдайда қажет тексерілулер кешені жүргізіледі. Дәрігер пациентті Емдеуге жатқызу бюросы арқылы тіркеп, ота жасалатын күн таңдалады.

Қандай да бір бейінді маман немесе қажетті диагностикалық қызмет болмаған жағдайда пациентті қалаға, аурухамен бірлесіп орындау шарты бойынша жұмыс істейтін медициналық ұйымға жібереді.

Бүгінде аудан аумағындағы ауруханалар облыс орталығында орналасқан «Көз Жарығы», «Айгерим», «Қуаныш» медициналық орталықтарымен, №7 қалалық емханамен, облыстық перинаталдық орталығымен, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетімен, «Сенім-Clinic» емдеу-диагностикалық орталығымен, №3 қалалық емханасымен, облыстық патологоанатомиялық бюросымен, Ақтөбе медициналық орталығымен (Aktobe Medical Center), Жедел медициналық жәрдем ауруханасымен (БСМП), «БИОС» медициналық орталықтарымен келісім-шартқа отырған. Аудан тұрғындары жоғарыда аталған медициналық орталықтардан аудан аумағында көрсетілмейтін диагностикалық зерттеулерден өте алады. Айта кетсек МРТ, КТ, ЭГГ, т.б. секілді аппараттарға тегін түсу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, аудан аумағында жоқ профильді дәрігерлердің кеңесіне бара алады. Ал бағасы қымбат тұратын лабораториялық зерттеулерді МӘМС аясында облыстағы ірі «ОЛИМП КДЛ», «INVIVO» секілді лабораторияларға тегін тапсырып, сараптама жасата алады.

            Аудандық ауруханада қажетті медициналық қызмет болмаса не істеу керек?

Қандай да бір бейінді маман немесе қажетті диагностикалық қызмет болмаған жағдайда пациентті қалаға, аурухамен бірлесіп орындау шарты бойынша жұмыс істейтін медициналық ұйымға жібереді. Сондай-ақ, азаматтар Қордың деректер базасында тұратын және МӘМС бойынша көрсетілетін керек қызметтерді, клиниканы өздігінен таңдай алады.

Бұл ретте оған шарттың жоқтығына сілтеме жасай отырып, жолдама беруден бас тартуға құқығы жоқ. Себебі шарт жазбаша жолдама мен көрсетілген қызмет негізінде автоматты түрде толтырылады.

Қор сарапшысының айтуынша, аудандардың орталық ауруханалары мен емханалары әдетте ультрадыбыстық және рентгендік жабдықтармен толық жабдықталған, толыққанды зертханалар жұмыс істейді. КТ және МРТ аппараттары  қалалық клиникаларда ғана бар, сондықтан ауыл тұрғындары бұл тексерулерге қалаға жіберіледі. Пациент жолдама алған соң, қажетті клиникаға қоңырау шалып, МӘМС аясында диагностикаға жазылады.

 58 жастағы ауыл тұрғыны аудан ауруханасына жүректің ишемиялық ауруы, тұрақсыз стенокардия диагнозымен түскен. Ауруханаға жеткізілген кезде кеуде мен жүрек тұсының қысылатынын және ашып ауыратынын, содан соң сол қолға берілетінін айтып шағымданған. Сонымен қатар жүрегі айнып, басы айналып, ентігіп қалатын болған.

«Өзімді жайсыз сезіне бастадым, бір ауырсыну мазалай бастады. Аудан дәрігеріне қаралып, дәрігерлер диагнозымды қойды. Тиісті сараптамаларды өтіп, мені порталға қойды. Ақтөбе медициналық орталығына дәрігердің жолдамасы арқылы жатып жүрегіме ота жасаттым. Ота сәтті аяқталды, қазіргі кезде оңалту орталығында емімді жалғастырып жатырмын. Ай сайын маған жұмыс беруші тарапынан да, еңбекақымнан да МӘМС қорына қажетті жарна тұрақты түрде аударылып отырады, сондықтан өзіме қажетті ем-домдарды МӘМС жүйесі арқылы өттім. Қымбат тұратын медициналық қызметтердің халыққа қолжетімді болғанына қуаныштымын. Медицина қызметкерлеріне де алғысым шексіз», – дейді науқас А.Ашикбаев.

«Жүрек-тамыр патологиялары өмірге ең қауіпті болып саналады, әлемнің көптеген дамыған елдерінде денсаулық сақтаудың басты проблемаларының біріне айналып отыр. Ол көбіне ересек адамдарды не мүгедектікке шалдықтырады, немесе өлімге әкеліп соқтырады. Жалпы өлім-жітімнің 52 пайызын жүрек-қан тамыры аурулары құрайды. Еуропада жыл сайын осы ауру салдарынан шамамен 3 миллион адам қайтыс болса, Ресейде 1 миллион адам, ал Қазақстанда 80 мың кісі осы аурудан көз жұмады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында барлық сақтандырылған азаматтарға жоғары технологиялық медициналық қызметтер, оның ішінде жүрекке хирургиялық операциялар қолжетімді», — дейді ауданының бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев. 

Оңалтудан қалай өтуге болады?

Оңалту курсын реабилитолог маманы немесе реабилитациялық комиссия тағайындайды. Аудандық ауруханаларда күндізгі стационар деңгейінде оңалтудың үшінші кезеңі жүргізілуде. Оған емдік дене шынықтыру, физиотерапия, массаж кіреді. Дегенмен, пациенттің қалауы бойынша кез-келген қалада оңалту емін алуға болады. Алдымен оңалту орталығы таңдаған мүмкіндіктер мен кестені нақтылау маңызды.

«Оңалту қызметтері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен көрсетілетіні көпшілікке мәлім. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсер етті. Операциядан кейін әркім өз қалтасынан жүздеген мың теңгеге оңалтудан өте алмайды, ал көптеген адамдар жыл сайын бірнеше оңалту курсынан өтуі керек. Ал МӘМС есебінен қабілеттерін қалпына келтіріп, өмір сүру сапасын тегін арттыруға болады», – деп атап өтті бас дәрігер.

Жүкті әйелдерді бақылау қалай жүргізіледі?

Дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттерде     зертханалар жұмыс істейді. Жүкті әйелдер онда барып анализдер тапсыра алады. Олар жергілікті акушердің бақылауында болады. Ал акушер болмаған жағдайда, аяғы ауыр әйелдер ай сайын аудандық ауруханаға жоспарлы түрде барып, қажетті тексерулерден өтеді.

Егер шұғыл медициналық көмек керек болса, әйел жедел медициналық көмекті шақырады. Олар қажет деп тапса, аудандық ауруханаға жеткізеді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры Ақтөбе облысы филиалының деректері бойынша, ағымдағы жылдың 6 айында МӘМС пакеті шеңберінде жоғары технологиялық қызмет түрлері бойынша 215 қызмет  көрсетілді. Бұл ретте Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының ғылыми орталықтарында жоғары технологиялық қызмет түрлерін қолдану арқылы емделуге мүмкіндік бар. Ең бастысы, науқастар МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» мәртебесі болса жеткілікті.

Сұхбатыңызға рахмет!

Басқа жаңалықтар