ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ОЙЫЛДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ОБЛЫС БАСШЫСЫНЫҢ НАЗАРЫНДА

Ақтөбе өңірінде соңғы жылдары мал азығына субсидия беру тоқтатылған еді. Аудандағы шаруашылық басшылары мал өнімдері бағасының төмендігінен қаржылай қолдаудың қажеттігін айтып, мәселе көтерді.
«Ата кәсіппен айналысып отырған шаруа қожалықтарының проблемасынан хабардармын. Субсидия беріледі. Көмек болады. Облыстық мәслихат депутаттарына ұсыныс енгіземіз. Алдымен белгіленген мөлшерді анықтап алуымыз қажет. Ережеге қарай, қаржыны бәріне жететіндей етіп бөлеміз», – деді облыс басшысы.
Шаруалар мал етін сату, теріні тапсыру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді кеңейту сияқты базыналарын жеткізді. Аудан басшылығы мен салалық мемлекеттік органдарға мәселелерді заң аясында шешуді міндеттеді.
«Тәжібай-Агро» серіктестігі 2017 жылы құрылған. Саралжын ауылдық округінің Қоңырат елді мекенінде орналасқан қожалық асыл тұқымды мүйізді ірі қара өсірумен айналысады. «Қарапайым заттар экономикасы» және «Агробизнес» мемлекеттік бағдарламалары аясында ангус тұқымды сиырлар сатып алған.
Мал басын көбейтуден бөлек, шаруа қожалығына тиесілі 150 гектар суармалы жер бар. Алқапта жоңышқа өсіріледі.
Жалпы, әуелден ата кәсіптен қол үзбеген Ойыл ауданы мал шаруашылығымен ерекшеленеді. Биыл мұнда мал басының өсімі байқалып отыр. Көрсеткіш 27,4%-ды құрайды. Мал азығының дайындалған көлемі 215,1 мың тонна. Егіс шаруашылығында да өсім бар, былтырғы жылмен салыстырғанда 77%-ға жетті.
Одан әрі облыс әкімінің сапары Ойыл ауданының жол құрылысындағы проблемалық нысандардың жұмысымен танысумен жалғасты.
Бүгінде Ойыл ауданындағы «Ойыл-Қараой» аудандық маңызы бар автомобиль жолы (3 жоба), Сарбие ауылына кіреберіс жолының құрылысы аяқталмай тұр. Оған – мердігерлердің жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмауы себеп.
60 шақырымдық жолды салуға «Тайбурыл и ШАН» ЖШС 2022 жылы кіріскен. Бюджеттен бөлінген 2 млрд 494 млн. теңгеден астам қаржының компания жартысын игеріп үлгереді. Дегенмен, қаржылай қиындықтарға байланысты деп жұмыстарды биылғы жылдың 31 шілдесінде тоқтатады. Тапсырыс берушінің талап арызын сот қанағаттандырса, мердігер жолға жыл соңына дейін қиыршық тас төсеуге, ал келесі жылы асфальттауға міндетті.
Аймақ басшысы аудан орталығы мен ауыл арасын жалғайтын қара жолдың жағдайы жеке бақылауында болатынын сөз етті.
«Жол азабын жүрген білер» — дейді. Аудан үшін маңызы бар жол жоспар бойынша қазіргі уақытта халық игілігіне берілуі керек еді. Алайда жағдайы көңіл көншітпейді. Бір ғана компанияның кемшілік жіберуі бүкіл жұртқа кесірін тигізіп отыр. Өз міндетіне салғырт қараған мердігерлер заң аясында жауап беруі тиіс. Алдағы уақытта олардың жұмыстарды атқаруы үлкен мәселе болары сөзсіз. Бұл жолдың жағдайын жеке бақылауыма аламын. Мердігер мойнына барлық жұмысты бітіремін деген уәде алып отыр», – деді облыс әкімі.
А.Шахаров ауданның жол саласындағы тағы бір проблемалық нысан – Көптоғай ауылына кіреберіс жолының жоспарын қарады.
«РСУ-1» серіктестігі 21 шақырымды уақытылы салғанымен, сапаға мән бермеген. Техникалық қадағалау мамандары асфальттағы ақауларды анықтапты. Мердігер мен тапсырыс беруші арасында ұзаққа созылған келісімдердің нәтижесінде, компания сын-ескертпе көрсетілген учаскелерді қалпына келтіруді бастаған. Қазіргі уақытта 6000 тоннадан астам қиыршық тас тасылып, 6 шақырымға төселді. Құрылысшылар қазан айының соңына дейін жұмыстарды бітіреді.
Өңір басшысы Асхат Шахаров Ойылдағы проблемалық нысандар — аудандағы өрт сөндіру бөлімі мен ветеринария стансасының ғимараттарын көрді. Қос мекеменің қазіргі қолданыстағы ғимараттарының тозығы жеткен, заман талабына сай келмейді.
Аудандық №14 өрт сөндіру бөлімінің ғимараты 93 жыл бұрын бой көтерген. Нысан әбден ескірген, қабырғалары жарылып тұр. Бүгінде мұнда 22 адам жұмыс істейді.
Аудандағы ветеринариялық стансаның да ғимараты тозған. Нысанның салынғанына келер жылы бір ғасыр толады. Апаттық жағдайдағы мекемеде 15 адам халыққа қызмет көрсетеді.
Облыс әкімі маңызды екі салаға жаңа ғимарат салу кезек күттірмейтін мәселе екенін тілге тиек етті. Аудан басшылығына ұсыныс әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы аудан орталығында демеушілік қаражаты есебінен салынған балалар музыка мектебінің тыныс-тіршілігімен танысты. 2020 жылы ашылған өнер ордасында бүгінде 545 бала бар, олар домбыра, фортепиано, вокал, хор, дәстүрлі өнер және т.б. үйірмелерге барады.
Сапары барысында облыс басшысы ойылдықтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қабылдауға жазылған ауыл тұрғындары әртүрлі мәселелерді көтерді.
Бірі денсаулығына қатысты көмек беру, енді бірі материалдық қолдау көрсету туралы сұраса, облыс басшысының қабылдауына жазылған Қайыңды ауылдық округінің тұрғыны Дархан Өтегенов Ақжар ауылын газдандыру мәселесін көтерді.
Асхат Берлешұлы Ойыл ауданына жұмыс сапарының соңында Ақтөбе облысында алғаш рет ұйымдастырылған республикалық «Taры Fest» этнофестивалына қатысты.
Этнофестиваль Ұлы Жібек жолындағы ең ірі – 10 сауда жәрмеңкесінің біріне айналған Көкжар жәрмеңкесі, сондай-ақ, биылғы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-сессиясында жарияланған «Халықаралық тары жылы» аясында ұйымдастырылды.
Шараның салтанатты ашылуына қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөзінде этнофестивальдің киелі мекен Ойылда өтуінің маңыздылығын атап өтті.
«Тары Fest» шарасының Ойыл жерінде өтуі үлкен мәнге ие. Ойыл – ақ тарының мекені, берекелі аймақ. Әйгілі Шығанақ Берсиевтей тары өсіруші туған жер. Тары өсіруден әлемдік рекорд орнаған өлке. Шығанақ атамыздың есімі айтылған жерде, еңбекқорлық пен адалдық деген қасиеттер де бірге аталады. Қазақта «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деген сөз бар.
Тарының құнарлығығы мен құндылығын әлем зерттеушілері зерттеп, емдік қасиетін де анықтап отыр.
Ақтөбе жерінде алғаш рет өтіп жатқан фестиваль мақсаты – әр отбасының берекесіне айналған тарының тағамдық мәртебесін көтеру, тары өнімінің маңызын жеткізу.
«Дала академигі» Шығанақ Берсиевтей диқанның еңбегі мен жанкешті қызметін дәріптеу. «Көкжар» жәрмеңкесі аясында өтетін қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ұлттық дәстүрді дәріптейтін қойылымдар арқылы елімізді бірлікке шақыру. «Көкжар» жәрмеңкесінің мәдениетін жаңғырту. Бүгінгі той – тарының ғана емес, ұлттық құндылықтарды қазынасындай, баба мұрасындай қадірлей білетін әрбір азаматтың тойы. Ұрпақтар сабақтастығы жалғаса берсін. Дастарханымыз мерекеге жайылсын, еңбектеріңіз берекелі болсын», – деді өңір басшысы.

Басқа жаңалықтар