ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТІЛЕГІ – ҚЫСҚЫ ЖОЛДЫҢ ҚАМЫ
Өткен жылы Президент өңір әкімдері халықпен үнемі кездесіп, елді мекендерді жиі аралау керек екенін айтты.
Азаматтардың талап-тілектерін тікелей тыңдау арқылы билік пен бұқара арасы жақындауы тиіс.
Осыған байланысты аудан әкімі Асқар Қазыбаев тиісті сала басшыларымен бірге аудандағы ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесуі Шығанақ Берсиев атындағы және Көптоғай ауылдық округтерінен басталды.
Кездесулерде аудан әкімі жергілікті тұрғындардың өзекті мәселелері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Сонымен қатар ауданда биылғы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы жылы да ауқымды жұмыстар жүзеге асатынын тілге тиек етті.
Әрине, шағын ауылдар үшін жылдың қай мезгілінде де жол қатынасы өзекті болып отыр.
Мәселен, Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округке қарасты Қарасу ауылының және Көптоғай ауылдық округінің тұрғындары да ауыларалық жолдарды қырып, тегістеу сияқты мәселелерді алға тартса, Асылбек Рысжанов Ойыл ауылдық округіне қарасты Жаңабаз ауылының көшесін жарықтандыру қажеттігін айтты. Көптоғай ауылдық округі Амангелді ауылының тұрғыны Мейірім Әбдіразақ ауыл көшелеріндегі жарылған электр бағандарын ауыстыру мен ауылдағы медициналық пунктке жедел жәрдем көлігінің қажеттігін айтты.
Аудан әкімі тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына тапсырма жүктеді.
Сонымен қатар, ұсыныс-пікірлер бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізген соң қорытындысымен тиімді шешім қабылданатынын жеткізді.