ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒАСЫ СҰРАНЫСҚА САЙ МА?

Бұрын-соңды Ойыл өңірінде болмаған су тасқынынан үш ауыл су астында қалды. Ауданның күре тамыры көпір қирады. Абдыраған халыққа алыс-жақыннан келген жанашырлар қолұшын созды. Біз не істедік? Қолымыздан келгені бағаны көтеріп, «Жығылғанды қосылып жұдырықтадық». Алдымен аудандағы алпауыт кәсіпкер картоптың бағасын көтеріп, айқай-шуға қалды.

Оған Ойылдың ішіндегі де, «сыртындағы» да таксистер қосылды. «Сыныққа сылтау» іздеп жүргендерге, күре жолдың кейбір жерлерінің бүлінгені сеп болды. Басқа уәждері жоқ. “Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады” дейтін сөз бар еді қазақ халқында. Еліміздің түпкір-түпкірінен қиналған ағайынға қалтасынан жырып жәрдем көрсетіп жатқанда, таксистердің ынсапсыздық танытуы көңілімізді қалдырды. Бағаны көтеріп, табандап тұрып алғаны ұят жағдай болды. Азаматтық, ауызбірлік, ағайыншылдық сынға түсер сәттегі жүргізушілердің бұл тірлігін қалай ақтап алуға болады?
Бұл басқа көкірек-көзі ояу азаматтарға сабақ болса игі еді деп жүргенде, енді аяқ астынан үй сатушылар көбейіп кетті. Оған Үкіметтің зардап шеккендерге тұрғын үй салу үшін әр пәтердің құны 22 млн. теңге жұмсалады дегені сеп болса керек! Және бәрінің бағасы 20-22 млн. теңге. Тасқыннан туған үйлерін тастай қашуға мәжбүр болып, көпшіліктің қолдау-демеуіне күні түсіп отырған жұрттың көз жасынан пайда көргісі келіп отырғандар көңілге сызат түсірді.
Табиғаттың тосын мінезімен бетпе-бет келген күннен бастап бел шешпей жүрген ауылдың белсенді ерікті жастарының ісі бәрімізге үлгі болса деп едік…
Жақсы. Нарықтың заңы – сұраныс бағаны көтерді. Бірақ, баға талапқа сай ма?
Аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айнат Қазмағамбетов, «Баспанасынан айырылған тұрғындар үшін зардап шегушінің таңдауымен жаңа үй салынады немесе үш жақты келісім негізінде нарықтан дайын баспана сатып алынады» — дейді.
Бүгінгі күні Ойыл селосындағы тұрғындардың өтініштеріне орай тұрғын үйлерді бағалаумен айналысып жүрген осы салада 15 жылдық тәжірибесі бар жеке бағалаушы Марина Акашаевадан бағалау шарттары туралы сұрадық.
— Әдетте, жылжымайтын мүлікті бағалау нарықтық немесе салыстырмалы әдіспен жүзеге асырылады. Ең бірінші айтатыным — біз алдымен кез-келген аудандағы тұрғын үй бағасын krisha.kz сайтындағы бағалар арқылы сараптаймыз. Мәселен, Ойыл ауданындағы тұрғын үйдің бағасы туралы ортақ базада қолжетімді ақпарат жоқ. Сондықтан, біз Ойыл ауданына жақын орналасқан аудандардағы объектінің нарықтық құнын сол ауданда сатылған нысандардың ұқсас қасиеттерімен салыстыру арқылы бағалап отырмыз. Яғни, құжатта тұрғын үйдің құнын бағалаудың қандай әдісі қолданылғаны және қандай себептермен таңдалғаны көрсетіледі. Жылжымайтын мүлікті бағалау есебі клиентке түпкілікті көрсеткіштің неге негізделгенін толық түсіндіруі үшін керек. Тұрғын үйдің құнын анықтау үшін бағалаушы нысанға барып, онымен танысып, мүлік орналасқан аумақты зерттейміз. Бағалау барысында ең бірінші тұрғын үйдің салынған жылы, аумағы, қабырғасының материалы, іргетасы, төбе жабындысы, ішкі жөндеу жұмыстары бәрі ескеріледі. Бір ғана мысал, менің қызметіме жүгінген Ойыл селосындағы бір тұрғынның үйі 11 млн. теңгеге бағаланса, бір тұрғын үй 15 млн. теңгеге бағаланды.
Міне, бұл Ойыл ауданындағы бағалау жүргізген маманның жауабы. Демек, «Базарда түйе қымбат дегенге, бұтын көтерген қорадағы қотыр тайлақ» сияқты, сұраныс бар екен деп бағаны көтергенмен үкіметтің қаржысынан «алып қалуға» екінің бірінің қолы жете қоймайды!
Бірақ, үй сатушы бағаланғаны осы екен деп отырған жоқ. Бәрі де 22 млн. теңгені көздеп, шіреніп отыр. Содан келіп, тұрғын үй құрылысын күткісі келмегендер үстіндегі үстемесін қалтасынан төлеуге мәжбүр.
Р.S Әрине, бұл күнде өтер. Көп кешікпей уақытша көпір арқылы қатынас та түзеледі. Тұрғын үйлердің құрылысы да басталады…
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар