Басты тақырыпБілім

 Кәсіподақ – сенімге тірек, қорғанысқа кепіл!

Қазақстан Республикасы кәсіподақ күніне арналып кеше аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Меруенов пен аудан мектептерінің кәсіподақ мүшелері қатысты.

Мереке қарсаңында өткен салтанатты шарада алдымен сөз алған аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Гүлмира Избағамбетова кәсіподақ кеңесінің жұмысы, құрылымы және тарихы жайында баяндама жасап, әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Кәсіподақтың басты міндеті – өз мүшелерінің құқығын қорғау. Кейбір жеке бастың сұрақтарын және көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуде кәсіподақтың алар орны ерекше. Өз міндеттерін жауапты атқарып жүрген бастауыш ұйымның жетекшілеріне Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіптік одағының Құрмет грамотасын мен Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» көп функцианалды туристік кешеніне керуен тур жолдамасын табыстады. Сонымен қатар бірнеше мектеп директорына арнайы ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Жуырда ғана өткен есепшілер күніне орай екі маманға шипажайға жолдама берілді.
Кәсіподақтардың жұмысында мәдени-көпшілік шараларға көп көңіл бөлінеді. Білім саласындағы кәсіподақтың бастауыш ұйымдарында тек мерекелі күндерде ғана емес, тұрақты түрде материалдық көмектер көрсетіліп тұрады. Ақылы түрдегі операциялар, стационарда ұзақ емделу, басқа да қиын жағдайларда алдымен көмекке кәсіподақ келеді.
Сонымен қатар, мерекелік сәтті бөлісуге келген аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, көп жылғы адал еңбегі мен жетістіктері үшін бір топ кәсіподақ мүшелеріне грамоталар, Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырды. Ал, ұзақ жыл осы салада қызмет етіп, білім саласы қызметкерлерінің мұңына құлақ түріп, мүддесін қорғаған еңбек ардагері Бақтығали Бектұрғанов бүгінгі буын әріптестерін мерекемен құттықтап, өзінің шынайы лебізін білдірді.
аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Гүлмира Избағамбетова аудандағы білім беру ұйымдарының ыстығы мен суығына төзіп, адал қызмет атқарып жүрген 20 кіші қызметкерге Ақтөбедегі «Юкон» шипажайына жолдама ұсынды.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар