ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпМәдениет
МУЗЫКАЛЫҚ ЖАС КӨРЕРМЕН ТЕАТРЫНЫҢ ҚОЛДАУЫ
Белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров бастаған астаналық театр «Ақтөбе - біз біргеміз!» ұранымен Ақтөбе өңіріне өнер сапарымен келді. Аталмыш театр су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды рухани қолдап, демеу мақсатында біздің ауданға да ат басын бұрып, тегін қойылым қойған болатын.
Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театры аудандық мәдениет үйінде аудан орталығындағы уақытша орналастыру орындарында тұрып жатқан тұрғындарға, аудан халқына «Шәмші» мюзиклін ұсынды.
Қойылым барысында әйгілі қазақ композиторының өмірі мен шығармашылығы, күрескерлік, ғашықтық және композиторлық қырларын көрсетті. Сонымен қатар қойылымда орындалған Шәмші әндері өмірінен орын алған әр алуан оқиға бейнеленді, әнге айналған тұлғаның әсерлі әлемі көрерменнің көңілін баурап, бір серпілтті.
Аудан әкімі Асқар Қазыбаев су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды қолдау мақсатында өңірімізге арнайы келген Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театры ұжымына ризашылығын білдіріп, театр басшысы Асхат Маемировке шапан жауып, Алғыс хаты мен қаржылай сертификат, естелік сыйлығын табыс етті. Сондай-ақ, ұжыммен бірге келген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова театр ұжымына алғысын білдірді. Шара соңында «Гаухартас» қойылымынан үзінді көрсетіп, биыл Ақтөбенің 155 жылдығына орай «Ақтөбе» әнін тарту етті.