БілімРухани жаңғыруЭкономика

ЖАҢА ЖОБА ЖҰМЫСШЫ МАМАНДАР ҮШІН

Ақтөбе облысында орта білім беру мен кәсіптік дайындықты біріктіретін эксперименттік білім беру бағдарламасы 2023 жылдан бастап енгізілді. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 25 қарашадағы №478 бұйрығымен бекітілген бұл бағдарлама аясында облыс оқушылары мектепте негізгі білім алып қана қоймай, колледж қабырғасында жұмысшы мамандықтарын да меңгеруге мүмкіндік алды.

Эксперименттік білім беру бағдарламасы Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының базасында жүзеге асырылуда және екі оқу жылын (2023-2024, 2024-2025) қамтиды. Бұл бағдарламаға мектеп оқушыларының негізгі біліммен қатар жұмысшы біліктіліктері бойынша да білім алуы көзделген. Бағдарлама бойынша білім алушылар әр аптаның жұма және сенбі күндері колледжде оқуын жалғастырады. Осы мақсатта Ақтөбе қаласындағы №1 және №39 орта мектептері мен Ойыл қазақ орта мектебі экспериментке қатысуда.
2023-2024 оқу жылында Ойыл кәсіптік колледжінде «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының «Аспазшы» біліктілігі бойынша 15 білім алушы және «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығының «Жөндеуші-слесарь» біліктілігі бойынша 15 білім алушы қабылданды.
2024-2025 оқу жылында аталған мамандықтар бойынша білім алушылар саны 30-ға дейін артты.
Жалпы жаңа оқу жылында бағдарламаға 128 оқушы қабылданды. Олардың 58-і Ақтөбе автожол колледжіне, 40-ы Сервис колледжіне, ал қалған 30-ы Ойыл кәсіптік колледжіне оқуға түсті. Қазіргі уақытта 199 оқушы техник-механик, тігінші, ауыл шаруашылығын механикаландыру және аспазшы мамандықтары бойынша білім алып жатыр.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – мектеп оқушыларының білімі мен тәжірибесін кеңейтіп, олардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуына мүмкіндік беру. Еңбек нарығындағы кадр тапшылығын азайтуға бағытталған бұл бастама, әсіресе ауылдық аймақтарда жұмысшы кадрларға деген сұранысты қанағаттандыруға көмектеседі.
Оқушылар оқуын аяқтаған соң, мамандықтарына сай диплом алып шығады. Алғашқы түлектер 2025 жылдың қаңтар айында өз дипломдарын қолдарына алады деп күтілуде. Осылайша, мектеп түлектері оқуын аяқтап, жұмысшы мамандықтары бойынша дайын маман ретінде еңбек нарығына жолдама алады.
Осы эксперименттік білім беру бағдарламасы облыс жастарын еңбекке баулуда маңызды рөл атқарып отыр. Оқушылар кәсіптік білім алудың арқасында еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болуға дайындалуда. Сонымен қатар, бұл тәжірибе олардың өз болашағына сенімділік сыйлайды.
Ақтөбе облысындағы бұл бастама алдағы уақытта басқа да аймақтар үшін үлгі болары анық.
Мектеп пен кәсіптік дайындықты үйлестіре отырып, жастардың еңбекке, жауапкершілікке және кәсіби өсуге деген ынтасын арттыруға бағытталған.
Әділет ШАБАЙ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар