Әлеумет
«Еңбектің көзі» — адал кәсіп
«Шебердің қолы ортақ» — дегенді Аманғали Едібаев есінен шығарған емес. Өйткені ағашты ойып, тұрмыстық жиһаздар жасау оның бүгінгі кәсібі. Балалық шағынан балғаға әуес бала село ішіндегі шеберханалардан шықпаған. Сол жерде жүріп ағаш ұсталарынан үйренген нәрселері көп болды. Кейін ауданға ағаш шебері атағымен таныс Нұрлан Шыңбаевтың шеберханасында көмекші болып он жылға жуық еңбек етті. Ағашты қашап, сүргілеудің қыр-сырын әбден меңгерген Аманғали 2016 жылы өз алдына шағын шеберхана ашып, кәсібіне бел буа кірісті. Алдымен аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Даму қорынан» алған 500 мың теңге несиеге ағашты ойып, қашайтын құралдарын алды. Ал, жұбайы Балжан Тнеева қажетті құжаттар мен шеберхананың кіріс-шығыстарын реттеп отырады. Себебі «Білім мен еңбек егіз» дейтін жігіт ағасының қағазбастылыққа құлшынысы жоқ болғанымен, еңбек етуге енжар емес. Қандайда бір жиһазды жан дүниесімен беріле жасайды. Сондықтан болар оған тапсырыс берушілер көп. Оның бір айғағы — аудан басындағы жаңадан ашылған әлеуметтік нысандарды кеңсе жиһаздарымен қамтуы. Қазіргі таңда «Көкжар» көшесінің бойындағы сауда орталығы ғимаратының бір бөлігінде кәсібін дөңгелетіп отыр. Алдағы уақытта шеберханасын кеңейтіп, кәсібін әлі де дамытқысы келеді. Біз Аманғалимен тілдескенімізде ол, «Қазіргі отырған жеріміз бізге өте қолайлы. Өйткені, әр ауылдардан келген тұтынушыларымыз орталықта жүріп-ақ шаруаларын шеше береді. Жалпы өз кәсібіме тоқталсам бір ойлағанда оңай көрінгенімен көп уақыт пен ептілікті талап етеді. Көз майыңды тауысады. Оның үстіне ұсақ-түйек қол құралдарымен жұмыс жасау нағыз шеберге тән екені жасырын емес. Қазір қасымда өзімнен бөлек екі шебер жұмыс жасауда. Өз істерінің шебері десем артық болмас. Қолымнан келгенін кейінгілерге үйретсем деп те ойлаймын. Бірақ, бүгінгі күнде ешкім қамалып отырып жұмыс жасағысы келмейді»,- деп ойын ашық жеткізді. Оның бұл ойы бізге қатты әсер етті. Расында бүгінде арамызда ағаш ұсталары көп емес қой. Аталған кәсіпті жұмыссыз жастарымыз меңгерсе, қандай жақсы болар еді…
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.