ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
Ортақ бағыт ұстанған қоғам мен билік
Қазіргі ақпараттар ағыны буырқанып бұрқанған теңіз секілді. Қайдан жел тұрса сонда толқып тұр. Еліміз аумалы-төкпелі әлемнің құрамдас бөлігі болғандықтан жан-жағымызда болып жатқан жағдайлар бізге әсер етпей қоймайды.
Кеше ғана Президент Жолдауын тыңдадық. Қоғамда түрлі пікірлер бар. Бірі қолдап жатса, бірінің көңілі толмайды. Ақпараттар ағыны оның астында жазылып жатқан пікірлер сан алуан. Қазіргі жағдайға аса көңілі толмайтындар, реформалар нәтижесіне сенімсіздікпен қарайтындар бар. Осындай жағдайда «бүгін және қазір» деген ұстаным алдыға шығып отыр. Көз шалып шыққан адамға біздің қоғам тым саясиланып кеткендей. Дастархан басында, көлік ішінде, той мен садақада айтылатын әңгіменің басым бөлігі саясат жөнінде.
Билікке кім келді, кім кетті, кім жақсы, кім жаман деген сөздерден аспай жатады.
Тәуелсіз сарапшылар мен оппозициялық көзқарастағы қоғам өкілдері де сан түрлі пікірлер айтуда. Саясат командалық ойын сияқты, екі жақ та ұпай жинауға тырысады.
Ұпай үшін тартыс болатыны сияқты, саясатта да үнемі пікірталас, диалогтың болуы заңдылық. Дегенмен, ел болашағы мен экономикалық-саяси бағытымыз, тәуекелдер мен сын-қатерлер, одан шығар жолдарды ұсынатын орта әлі де аз. Көп жағдайда сыннан аспай жатамыз.
Президент Жолдауында көтерілген істер стратегиялық маңызға ие. Алдыға қойған мақсат-міндеттерді шапшаң және сапалы орындау Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар алдындағы үлкен міндет. Президент қағаздағы биік жетістіктерді емес, шын мәніндегі халықтың тұрмыс сапасын көрсететін жетістіктерге қол жеткізуді тапсырды. Ол үшін ұзақ мерзімді жоспарларға сүйенбей, қысқа мерзімде қол жеткізуге мүмкіндік беретін шешім жолдарын қарауды баса айтты.
Тұрақты дамып келе жатқан саланың бірі шағын және орта бизнес. Мемлекеттік қолдау болғанмен, даму қарқыны әлі де бәсең. Ол үшін орта бизнестің дамуын тежейтін кедергілерді жою қажет. Әлдеқайда қолайлы жағдай жасап, ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізу керектігін көтерді. Билік пен бизнес арасында сындарлы диалог болуын, асыра сілтеулерге жол бермеу, құқық қорғау органдары тарапынан қудалауды біржолата тоқтату қажеттігін ескертті. Жұмыстың ашық болуын арыз-шағымдарды қараудың жаңа тәсілін қолдану және қоғамдық мониторинг институтын енгізу арқылы қамтамасыз еткен жөн екені айтылды.
Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында Президент Жолдауының осы бағытына баса көңіл бөліп, сыбайлас жемқорлық саясатында квазимемлекеттік сектордағы комплаенс қызметінің тиімділігін зерттеуді магистрлік жоба ретінде алып отырмын. ХХ ғасырда Америка Құрама Штатында бастау алған, әлемнің түрлі елдерінде әр салада тиімділігін көрсеткен комплаенс қызметі біздің елде бүгінде кеңінен қолданыла бастады. Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалар 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» заңының қабылдануымен жүзеге асуда. 2021 жылдан сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі институты құрылып, квазимемлекеттік секторда, жеке секторда дамып келеді.
Соңғы екі жылда заңнамалық деңгейде комплаенс қызметтерінің базалық ережелері бектілді. Бақылау кеңесіне немесе өзге тәуелсіз органға бағыныштылық енгізілді. Күнделікті жұмысқа қажетті базалық іс-құжаттар тізбесі дайындалды.
Дегенмен, бұл салада әлі де жетілдіруді қажет ететін мәселелер баршылық. Бірінші басшылардың комплаенс қызметіне тікелей қатыспауы, түрлі лауазым иелеріне жүктей салу, қызметтің маңызы мен мазмұнын жете түсінбеу, кадр жетіспеушілігі, оңтайлы бизнес процестердің енгізілмеуі сияқты мәселелер бар.
Квазимемлекеттік сектордағы ұйымдар мен түрлі органдар экономикаға тікелей табыс әкеліп жатыр. Шетел компанияларымен ынтымақтастықтағы салаларда тәуекелдер баршылық. Осындай кедергілер салалардың дамуын тежейді. Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы базасында мемлекеттік басқару саласының өзекті мәселерін зерттеу, шешу жолдарын ұсыну жұмыстары жақсы жолға қойылған. Академияның доктаранттары мен магистранттарын, жоспарлы біліктілік арттыру, қайта даярлау бағдарламаларын Президент Жолдауында қамтылған мәселелерді жүзеге асыруда тиімді пайдаланған жөн.
Президент Жолдауда кадр резервін жасақтау жөнінде мәселе көтерді. Академияда жыл сайын бітіріп жатқан түлектерден жаңа заман кадрларын жасақтап, мемлекеттік құрылымдарда жобалық басқару менеджментін кеңінен енгізуді күшейтсе кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға қол жеткізуге болады. Қазіргі биліктің осал жері халықпен сөйлесу, тыңдау, түсіндіру деңгейінің жеткіліксіздігі. Ол үшін осы академияның әлеуетін пайдаланып, түрлі сатыдағы басқарушыларды психологиялық даярлауға мән берген абзал. Қиын кезеңде батыл және тиімді шешім қабылдайтын, өзіне жауапкершілік ала білетін басшылар болмай экономиканы алға дамыту мүмкін емес. Сталиннің «Кадр бәрін шешеді» — деген қағидаты маңызын жойған жоқ. Мемлекет халықтың күмәндарын сейілтіп, нақты қадамдар көрсеткенде ғана сенім пайда болады.
Нұржауған ҚАЛАУОВ,
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының магистранты.