25 жасында Жазушылар одағына мүше болып, 26-сында «Ерен еңбегі үшін» медалін алған қаламгер, жерлесіміз Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» романы ағылшын тіліне аударылғанын газетіміздің алдыңғы сандарында жазған болатынбыз. Шетелдік кітапсүйер қауымға да жол тартқан романның таныстырылымы Лондон қаласында өтті.
Жақында сүйінші хабар жетті.
Қазақ руханиятына сүбелі үлес қосып жүрген жас жазушының романы Ұлыбританияда жаңа белесті бағындырып, бас жүлде иеленіп, «Алтын бұғы» премиясымен және алтын сертификатымен марапатталды.
Ағылшын тіліне аударған аудармашы Бақтыгүл Маханбетова. Аудармашымен тілдескенімізде:
«Hertfordshire Press – бұл бүкіл әлемдегі ағылшын тілді оқырмандарды Еуразиямен аймақ авторларының кітаптарын, журналдарын, нұсқаулықтарын басып шығару және әдеби фестивальдер мен форумдар өткізу арқылы біріктіретін ерекше баспа. Бұл британдық баспа үйінің жұмыс жасап жатқанына 15 жыл. Негізін қалаған жемісті еңбек етіп жүрген Марат Ахмеджанов. Осы баспада Әлиханның «Нотр-дамда құлшылық жасау керек пе?» романы басылып шықты. Баспа үйі жыл сайын гранттарын ұсынып, үздік деп танылған 10 автордың шығармаларын осы баспадан басып шығарады. Демеушілер қолдауымен бірнеше кітаптар да осы баспа арқылы Европаға таныстырылуда. Қазақ әдебиетінің қазіргі уақытта биік белеске көтерілуі, Әлиханның еңбегінің бағалануы, шетелдік әдеби жобаларды қадағалап, зерттеп отыратын әдебиет танушы мамандардың назарына ілігуі біздің қазақ әдебиеті үшін үлкен жеңіс. «Hertfordshire Press» баспа үйінің ұсынған премияларының қатарында Әлиханның есімінің аталуы, «Алтын бұғы» премиясын алып, алтын дипломмен марапатталуы жекеленген жеңісіміз емес, үлкен жеңіс қазақ әдебиеті үшін, қазақ руханияты үшін. Биылғы жылы 8-ші рет Шотландиядағы Гринк қаласында Евразиялық шығармашылық апталығы аталып өтілді. Виза берілмеуіне байланысты Әлихан екеуміз бара алмадық.
Алдағы уақытта біз одан да үлкен жеңістерді бағындырып, жақсы нәтижелерге жетеміз деген ойдамын», — дейді.
P.S «HERTFORDSHIRE PRESS» БАСПАСЫ «АЛТЫН БҰҒЫ» ПРЕМИЯСЫН БИЫЛҒЫ ЖЫЛЫ БІРНЕШЕ НОМИНАЦИЯДА АЛҒАШ РЕТ ҰСЫНДЫ. ӘЛИХАН ЖАҚСЫЛЫҚ ОСЫ ПРЕМИЯ БОЙЫНША АЛТЫН ДИПЛОМНЫҢ ТҰҢҒЫШ ИЕГЕРІ.
Г.АБАЙҚЫЗЫ