Спорт
Бақ пен бап қатар шапқан күн
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо күресінен аудан біріншілігі өткізілді.
Жарысқа Ақшатау, Қаракемер, Сарбие, Саға, Қараой және Ойыл ауылдарынан келген 6 командадан 16 салмақ дәрежесі бойынша 100-ден астам жас спортшы қатысты.
Аудан біріншілігінің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Көрермендер залында жанкүйерлер мен ауданымыздың спорт саласының жанашырлары жарыстың әр сәтін тапжылмай тамашалады. Жарыс барысында спортшылардың жігері мен шеберлігі сынға түсіп, тартысты белдесулер өтті. Жанкүйерлер де, жарысқа қатысушыларда командаластарына қызу қолдау көрсетті. Әр спортшы жеңіс үшін барын салып, татами төрінде спорттық рух пен қайсарлық танытты. Жас балуандардың бапкерлері де өздерінің кеңестерін берумен болды.
Жарыс қорытындысы бойынша бағы мен бабы қатар шапқан спортшылар Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің мақтау қағаздары мен медальдарымен марапатталды.
Бұл турнир – жас дзюдошылардың шеберліктерін шыңдап, тәжірибе алмасуына үлкен мүмкіндік берді. Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас балуандардың арасында көрермен көзайымына айналғандарыда болды. Дзюдо күресінің шырқау шегі осымен тоқтап қалмайды. Жалындаған жас балуандар тұрғанда әлі талай биіктердің бағынатындығы анық.
Спорт додасы аудан жастарының спортқа деген қызығушылығын көрсетіп, салауатты өмір салтын ұстанушылардың көбейгенін байқатты.