Экономика
Биыл өңірдің ЖОО студенттерінің шәкіртақысы өседі
2025 жылдың қыркүйек айынан бастап Ақтөбе облысындағы 4 жоғары оқу орнында білім алып жатқан студенттердің шәкіртақысы өседі. Ақтөбе облысы Жастар саясаты мәселелері бойынша басқармасының мәліметінше, өңірдің ЖОО-ларында оқып жатқан студенттердің жалпы саны 24 мыңнан асады. Оның ішінде 7757 студент мемлекеттік грантпен білім алуда.
«Мемлекеттік грантпен оқитын студенттердің 7224-і бакалавриат, 418-і магистратура және 115-і докторантура бағдарламалары бойынша білім алып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында студенттердің стипендиясын өсіру туралы атап өткен болатын. Президент тапсырмасын орындау аясында биыл қыркүйек айынан бастап бакалавриат бағдарламасындағы студенттердің шәкіртақылары, оның ішінде педагогика мен медицина мамандықтары бойынша білім алып жатқан жастардың стипендиясы артады, магистранттар мен докторанттардың да стипендиялары өседі» — дейді облыстық Жастар саясаты мәселелері бойынша басқармасының басшысы Мейірхан Ермағанбетов.
Осылайша биыл 1 қыркүйектен бастап бакалавриат студенттері — 52 372 теңгеге дейін, ал педагогикалық және медициналық бағыттардағы білім алушылар – 84 000 теңгеге дейін шәкіртақы алатын болады. Магистранттарға – 117 098 теңге, докторанттарға 262 500 теңге стипендия төленеді. Сонымен қатар емтихан сессиясын «өте жақсы» тапсырған жағдайда студенттердің жоғары шәкіртақы алу мүмкіндігі сақталады.