ӘкімдікБасты тақырып

Үш ауылдың үміті — ауыз су

Өткен жұмада аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы үш бірдей елді-мекенді аралап, жағдайын көріп халықтың көкейінде жүрген сұрақтарын естіп қайтты.

Ең  алдымен Қаракемер ауылы мен Ақшатау елді мекенінің халқымен кездесіп тұрмыс-тіршілігімен танысты. Қаракемер ауылының жағдайы жақсы болғанымен, қарапайым халықты алдағы келе жатқан қытымыр қыстың жайы алаңдатады екен. Малға азық болатын шөптің тасымалы олар үшін бір мәселе болса, балаларының білім алатын мектептерінің жылуына көңілдерінің толмайтындарын айта кетті. Бұл мәселені тыңдаған аудан әкімі Дастан Сағыров жиналыс аяқтала салысымен мектептің жылу жүйесін өзі аралап салқын түскенше дұрыстауды және іске қосуды сала басшыларына тапсырма қылып берді.

Әрмен қарай Ақшатау елді-мекенінің халқымен кездеспес бұрын ауыл ішін аралаған кезде балабақша мен мектептің сыртқы тазалығына көңілі толамай ескерту жасады. Жалпы Ақшатау ауылының жағдайы бірқалыпты болғанымен ауыл тұрғындары қажетті дүниелердің жетіспейтінін жеткізді. Айта кетсек, Қаракемер мен Ақшатаудың басты қиындықтары ауыз суы мен телефон байланысы және өткел мәселесі толғандырып отыр екен. Ауыл тұрғындарының өтініштерін тыңдай келе аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы Ойыл ауылдық округі әкімінің орынбасары Әли Сейтжановқа бірден болмаса да, біртіндеп осы жылдың аяғына дейін жұмыстардың жасалуын қадағалауды міндеттеді.

Одан кейін кездесу Екпетал ауылымен жалғасты. Екпеталдықтардың айтары тек мектепке баратын бала саны мен көшедегі жарықтың және тұщы ауыз су. «Ауылымыздың келешегі мектебіміздегі бала санына байланысты болғалы отыр» — деген мектеп директоры Гүлнұр Жұмағұлова халықтың тілегі таза су екенін де жеткізді. Осы айтылған мәселелерді тыңдаған аудан әкімі Дастан Сағыров жиында қозғалған мәселелерді тезірек қолға алып, шешімін табуға сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Бұл мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Себебі барлық жағдай қаражатқа байланысты. Дегенмен ыңғайына қарай жылдамдатуға, қолдан келгенше іске асыруға, айтылған мәселелер жерде қалмайтынын Ойыл аудандық әкімінің орынбасары Асылан Кенжебаев та айта кетті. Осылайша әр сала басшылары өз міндеттерін алып тарқасты.

Өміргүл ТЕМІРХАН.

Басқа жаңалықтар