ӘкімдікБасты тақырып

БОЛАШАҒЫ БАЯНДЫ ЕЛ –ТІРЕГІ БЕРІК АУЫЛДАН БАСТАЛАДЫ

«Ауыл – алтын бесік» дейді дана халқымыз. Шынында да, туған жер – адамның жүрегіне жылу, бойына қуат беретін қасиетті мекен. Ал сол мекеннің өсіп-өркендеуі – әрбір азаматтың азаматтығына сын. Бүгін біз Ойылдың болашағы туралы ой қозғамақпыз...

Соңғы жылдары ел көлемінде түрлі өзгерістер болып жатса да, аудан өмірінің тынысы көбіне күрделі күй кешіп келеді. Әсіресе, екі жыл қатарынан көктемде орын алған су тасқыны – елдің бірлігін ғана емес, ел басқарған азаматтардың іскерлігін де сынаған шақ болды. Төрт құбыламыз түгел болмаса да, халық үмітін үзген жоқ. Өйткені, бұл – Ойыл. Бұл – талай тар заманды еңсеріп, ата дәстүрден айнымай келе жатқан ел.
Ауданның дамуы үшін бірінші кезекте білім мен тәрбие мәселесі назардан тыс қалмауы тиіс. Бүгінде Ойыл жастарының алға ұмтылысы, білімге деген құштарлығы – елдің ертеңіне деген үмітімізді үкілейді. Бірақ, бұл ұмтылысты қолдап, бағыт-бағдар беретін нақты шаралар керек. Ауылға келген жас маманға үй берілуі, жұмыс табылуы – олардың тұрақтауына себеп болары анық. «Байлық – бір жұттық, білім – мың жұттық» деген халық сөзі осы орайда айтылған.
Сонымен қатар, жол мен инфрақұрылым мәселесі де күн тәртібінен түспеуі тиіс. Қарапайым ауыл тұрғыны үшін жол мен жарық – өмір сапасының басты өлшемі. Қанша жерден ауылда тіршілік бар десек те, жолы жоқ елдің болашағы бұлдыр. Елмен елді жалғайтын жолдар жөнделіп, көпірлер қайта жаңғыртылса, тіршілік те жанданады. Жарығы жоқ ауылдың жастары заманауи білім ала алмайды, интернетсіз елдің әлеммен байланысы әлсіз. Бұл – бүгінде ақиқат.
Ауылдың ендігі тірегі – еңбек пен кәсіп. Мал шаруашылығы мен егіншілік – Ойыл халқының ата кәсібі. Бірақ бүгінгі нарық заманы – бірігу мен біріктіріп іс істеуді талап етеді. Шағын шаруалар кооперативтерге бірігіп, өнім өндіру мен сатуды жолға қойса – табыс та артады, ауылдың әлеуеті де өседі. «Еңбектің наны тәтті» дейді қазақ. Бүгінгі ауыл жастары тек мал бағумен шектелмей, кәсіп ашып, жаңа технологияны меңгерсе – Ойыл өркендейді.
Су – тіршілік көзі ғана емес, қауіптің де бастауы екенін биылғы көктем анық көрсетті. Болашақта мұндай апаттың алдын алу үшін нақты инженерлік жобалар жүзеге асуы қажет. Су басу қаупі жоғары аймақтарға бөгет салынып, арық-атыздар тазаланып, қауіпсіздік шаралары күшейтілуі тиіс. Қауіпке қарсы күрес тек төтенше жағдай бола қалғанда емес, алдын ала дайындықтан басталады.
Ауыл – бір күндік емес, мәңгілік тірлік. Ойылдың дамуы – әр тұрғынның жүрегіндегі елге деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігіне байланысты. Әркім өз орнында адал еңбек етсе, елге жанашыр бола білсе – туған жер көркейеді. Бұл жолда билік пен халықтың арасында ашықтық пен сенім болуы қажет. Өйткені, «Ел болам десең – бесігіңді түзе!» дейді халық. Ал ол бесік – біздің Ойыл.

Related Articles

Back to top button