ӘлеуметБасты тақырып
Жымпитыдағы жүздесу тарихи байланыстың тамыры
Өткен аптада Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында облыстық "Бас редакторлар клубының көшпелі мәжілісі" өтті. Шараға "Жайық Пресс "ЖШС директоры Рауан Сәбитов, республикаға танымал журналист Есей Жеңісұлы, Сырым ауданының құрметті азаматы, ардагер журналист Махмет Қажиахметов, аудандық газеттердің редакторлары қатысты. Сонымен қатар, көшпелі кеңеске тарихы Жымпитымен тамырлас Ақтөбе облысының Ойыл ауданынан аудандық "Ойыл" газетінің редакторы Серікбай Қойбағаров арнайы шақырылды.
Қонақтарды «Сырым елі» газетінің редакторы Бауыржан Ширмединұлы Сырым шыққан төбедегі кесенеден қарсы алды.
Қонақтар аудан орталығында Қадыр алаңындағы ақын ескерткішіне аялдады. Қадыр ескерткішінің алдында Сырым ауданының құрметті азаматы, ардагер журналист Махмет Қажиахметов сөз алып, қонақтарға қош келдіңіздер айтты. Республикалық Қадыр оқулары байқауының бас жүлдегері, 400 өлеңі мен «Қызыл кітап» поэмасын жатқа айтатын Темірлан Маратов ақынның «Балалықсыз балалық» атты өлеңін нақышына келтіре оқыды. Ақын ескерткішіне «Жайық Пресс» ЖШС директоры Рауан Сәбитов пен журналист Есей Жеңісұлы гүл шоқтарын қойды.
Одан кейін редакторлар аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловпен бірге Алаш саябағында болып, Алаш арыстарының мүсіндерімен таныс болды. Мұнда «Өрімтал» жас тілшілер фестивалінің аудандық кезеңінің жеңімпазы, С.Жүнісов атындағы республикалық байқаудың арнайы жүлде иегері Жанерке Матышева Ғұмар Қараштың»Көреміз бе?» атты өлеңін оқыды. Ақтөбе облысы Ойыл аудандық «Ойыл» газетінің редакторы Серікбай Қойбағаров пен Сырым ауданының құрметті азаматы, ардагер журналист Махмет Қажиахметовке гүл қою рәсімі берілді.
Бас редакторлар клубының көшпелі мәжілісінің ресми бөлімі аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өтті. «Сырым елі» газетінің редакторы Бауыржан Ширмединұлы жыл басынан бергі «Сырым елі» газетінің жасалған жұмыстары туралы баяндады. «Жайық Пресс» ЖШС директоры Рауан Сәбитов, аудандармен жұмыс бөлімінің редакторы Тоқтар Кенжеғалиев, «Жайық Пресс» ақпараттық агенттігінің басшысы Нұрлыбек Рахманов аудандық газеттердің жұмыстарын саралап, мақтаулы жақтарын және қамшы басу керек тұстарын ашып айтты. Республикалық басылымдарда елеулі еңбек етіп келетін журналист Есей Жеңісұлы аудандық газеттердің жұмысын бір жүйеге келтіріп, қадағалап отырған «Жайық Пресс» медиа холдингіне, халықтың көкейіндегісін жариялап келетін аудандық газеттерге разылығын білдірді.
«Бас редакторлар клубының көшпелі отырысы» республикалық басылымдарда елеулі еңбек етіп жүрген танымал журналист Есей Жеңісұлының шеберлік сағатымен жалғасты. Шеберлік сағатына бас редакторлармен бірге «Сырым елі» газетінің штаттан тыс тілшілері мен жас тілшілері қатысты.
Сол күні «Бас редакторлар клубының көшпелі отырысының» қатысушылары аудандық мәдениет үйінде Жайсаң Ақбайдың Жымпиты халық театрының қойған «Жанша» қойылымын тамашалады.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА,
Арнайы «Ойыл» газеті үшін.