Экономика

«ҚАДАМ LIFE» — КӘСІБИ БАҒДАР

Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында Ақтөбе облысының мектептерінде оқушыларды кәсіптік бағдарлауға бағытталған «Қадам Life» жаңа жобасы басталды. Бағдарламаның тиімділігін қамтамасыз ету үшін оқушылар арасында алдын ала сауалнама жүргізілді. Бұл ұйымдастырушыларға оқушылардың мүдделері мен қажеттіліктерін түсінуге, сабақтардың мазмұнын олардың сұраныстарына бейімдеуге мүмкіндік берді.
Мамандық таңдау — адам өмірінің ең жауапты сәттерінің бірі. Әрине, мектеп қабырғасынан енді шыққан оқушы үшін болашақ мамандығын таңдау -өте ауыр шешім. Дегенмен, бұл сәтте жауапкершілікті оқушы бірінші кезекте өзі сезінуі қажет. Өсіп келе жатқан келесі ұрпақ ақылға қонымды, қажеттіліктен туындаған және қазіргі уақытта мамандықтарды таңдап меңгеру қоғамның талабы деп білемін.
Қазіргі таңда, кәсіптік бағдар беру жұмысы тек балалармен ғана емес, ересектермен де жүзеге асырылуда. Көптеген ересектер белгілі бір себептермен мамандықты өзгертуге шешім қабылдайды.Қазіргі экономикалық және саяси жағдай адамның жеке психофизиологиялық сипаттамаларына жоғары талаптар қоюға мәжбүр етеді. Еңбек қатынастары түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Жұмыс орындарының қарқындылығы артып, жұмысшылардың орны жаңа технологиялармен алмастырылуы жұмысшылар тарапынан бәсекелестіктің артуына, кәсіби деңгейді үнемі арттырып отыруына әкелді. Жұмысшыларға өте жоғары, жан-жақты кәсіби біліктілік, мінез бен шыдамдылық керек.
Осыған байланысты мектеп жасындағы оқушыларға мақсатты түрде кәсіби бағдар беру үшін «Қадам-Life» жобасы аясында Ойыл кәсіптік колледжі аудан басындағы Ж.Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебіне, Ойыл қазақ орта мектебіне және Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясына барып, мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру шарасын ұйымдастырды. Жұмысшы мамандықтары туралы жан-жақты таныстырып, оқушылармен бірлесе жұмыс жасап, ақпарат ұсынды.
«Қадам-Life» жобасына біздің колледжден «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Ауыл шаруашылығының тракторист-машинисі», «Ветеринария», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша 9-11 сынып оқушыларына шебер-класс ұсынылып, мектеп оқушылары белсене қатысып, мамандықтардың қызықты екеніне көз жеткізді. Бұл -жастардың дұрыс мамандық таңдауына және өңіріміздің болашақ мамандарының қалыптасуына зор үлес. Жас ұрпақты дұрыс бағыттау, адастырмау, жол нұсқау біздің басты борышымыз деп білеміз.
Мейрамгүл ТӘТТІҒАЛИ,
Ойыл кәсіптік колледжінің әдіскері.

Related Articles

Back to top button