АҚ ТҮТЕК БОРАНДА СӘБИ ӨМІРГЕ КЕЛДІ
Ақтөбе облысында соққан ақ түтек боран өңір тұрғындарын біраз әбігерге салды. Қатты жел мен қарлы бұрқасын салдарынан автожолдарда қозғалыс қиындап, кейбір шағын ауылдар да көлік қатынасы мүлдем тоқтап қалды.

Осындай күрделі жағдайда Ойыл ауданында тәртіп сақшылары мен медициналық қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс атқарып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде зор үлес қосты.
Боранды күні Ойыл ауданында ерекше оқиға орын алды. Толғағы қысқан жүкті әйелге дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, аман-есен сәби дүниеге келді. Бұл игі істі жүзеге асыруда Көсембай ауылының фельдшері Батима Қожақова, Саралжын дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Ақтоты Жақияева және медбикесі Жанаргүл Жәнібекова, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Ернұр Мырзабаев зор еңбек сіңірді. Олар дер кезінде көмекке келіп, ананы аман-есен босандырып, алғашқы медициналық қызмет көрсетті. Кейін ана мен сәби орталық ауруханаға жеткізілді. Аурухананың білікті мамандары аудан орталығында күтіп алып, ана мен баланың жағдайын тексерді. Қазіргі таңда ана мен баланың жағдайы жақсы, дәрігерлердің жіті бақылауында.
Бұл оқиға ақ халатты абзал жандардың адам өміріне деген жауапкершілігі мен жанқиярлық еңбегінің жарқын көрінісі болды. Күйбең тіршілікте мұқтаж жанға көмек көрсету үйреншікті нәрсеге айналған мамандық иелерінің алғашқы және соңғы көмегі емесі анық. Қиын жағдайда өз міндетін адал атқарған медицина қызметкерлері қандай құрметке де лайық!