Қош келдің, Әз-Наурыз!
Наурыз мейрамы биыл жалпыұлттық Наурызнаманың онкүндігі аясында тойлануда. 16 наурыз Шаңырақ күні ретінде белгіленіп, отбасы құндылықтарын нығайту, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу және ұрпақтар сабақтастығын сақтау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылды.

Наурыз — бұл көктемнің жаршысы, жаңару мен ізгілік мейрамы. Бұл күні көше мейрамы Ойыл ауданында «Ердәулет» құрылыс дүкенінің алдында ұйымдастырылды. Бұл кештің бастамашылары Ойыл аудандық балалар музыка мектебі, «Көкжар» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы, Ойыл ауданы бойынша статистика басқармасы және Екібаев, Н.Оноприенко көшесінің тұрғындары.Наурыз мейрамына жиналған жұртшылықты Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев құттықтап, мейрамның бірлік пен береке әкелуін тіледі. Мерекелік кеште ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар өтті. Қазақтың байырғы дәстүріне сай арқан тарту, гір көтеру секілді жарыстар өткізіліп, қатысушылар өз күштері мен ептіліктерін сынап көреді. Мерекелік шара барысында қонақтар қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, дәстүрлі әндер мен күй тыңдап, ұлттық би өнерін тамашалайды. Ойыл аудандық балалар музыка мектебінің шәкірттері өнер көрсетіп, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.