МәдениетРухани жаңғыруСұхбатЭкономика

СЫБАҒА: ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР МЕН РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, ұрпаққа рухани тәрбие беру және қоғамда бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған апталық аясында спорттық жарыстар, гастрономиялық фестивальдер және қайырымдылық акциялар өтеді.

Ауданымызда фестивальдің алғашқы күні кеше «Сыбаға – береке мен бірліктің асы» атты тағылымдық кеш өтті. Ұлттық мұрамызды ұлықтап, қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту мақсатында өткен кеш жастарға ұмытылмас әсер қалдырды.


Шара қазақ халқының бай мәдени мұрасын жастар арасында насихаттап, ұмытылып бара жатқан дәстүрімізге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған. Кеш барысында арнаулы келген қонақтар жастарымызды «Сыбаға» ұғымымен тереңірек таныстырды.


Ойыл аудандық музейінің директоры Балқия Рысбаева «Сыбаға» — тек тамақ ұсыну ғана емес, ол үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, туыстық қарым-қатынасты нығайту сынды құндылықтарды қамтитын терең мәні бар ұғым екендігін айтып өтті.


Шараға келген қонақтар арасында ардақты әкелеріміз және аяулы аналарымыз жастарға шеберлік дәріс өткізді.
Әкелеріміз етті қалай жіліктеу керектігі, аналарымыз табақ тарту жайында өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, салт-дәстүрлерімізге кеңінен тоқталды.


Танымдық кеш барысында жастар өз сұрақтарын қойып, аға буын өкілдерімен тәжірибе алмасты. Шара соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев танымдық кеш жәй ғана шара емес, бұл ұлттық рухты оятуға бағытталған қадам екенін тілге тиек етіп, жастардың жүрегіне ұлттық құндылықтарға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Басқа жаңалықтар