Көрісу – ынтымақ пен берекенің бастауы
14 наурыз – Амал мерекесіне орай Ойыл ауданында «Көрісу – ынтымақ пен берекенің бастауы» атты тағылымды шара өтті. Бұл мереке қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрін дәріптеп, адамдар арасындағы сыйластық пен татулықты нығайтуға бағытталды.

Шараға Ойыл ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Бақтыгереев, зейнеткер Темір Сағынғалиев, мәдениет қайраткері Амангелді Жұманов, сондай-ақ музей зейнеткерлері Болат Ермағамбетов пен жұбайы Роза, Нұрлан Сұлтанғалиев мен жұбайы Жұмагүл, Қоңырбай Сисимов, Күлпаш Тұрмұханова және Ойыл аудандық архивінің меңгерушісі Асқар Пангереевтер қатысты.
Шара барысында Ойыл қазақ орта мектебінің оқушылары ұлттық дәстүрді дәріптеу мақсатында «Шашбау тағу» рәсімін көрсетті. Қонақтар 14 наурыз – Көрісу күнінің тарихы мен маңызын жан-жақты баяндап, жастарға үлгі боларлық жылы лебіздерін жеткізді.
Мерекелік жиын дастархан басында жалғасып, үлкендер ақ батасын берді. Соғым басында Құран оқылып, халқымыздың дәстүрлі әндері шырқалып, күмбірлеген күй тартылды. Бұл шара ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың жарқын үлгісі болып, жастарға тағылымды тәрбие берді.