Мәдениет

Рухты көтерер ойын күні

Наурыз – тек көктемнің келуі емес, халықтың рухани түлеуі, өткенін бағамдап, болашағына бағдар жасайтын сәт. Биылғы Наурыз мейрамы ерекше мәнге ие болды. «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес, 20 наурыз Ұлттық спорт күні болып белгіленіп, халқымыздың байырғы ойындары дәріптелді.

Жарыс алаңына жиналған жұрттың көңілі көтеріңкі. Бұл күн – тек спорттық бәсеке емес, қазақтың батырлық дәстүрін, шымырлық пен ептілікті дәріптейтін мереке.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Мұратбай Айдарбаев халықты мерекемен құттықтап, ұлттық спорттың маңызын атап өтті. Қазақтың ұлттық ойындары – тек ермек емес, ұлттың тарихын, ерлігін, намысын айшықтайтын өнер. Бұл ойындар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, елдіктің айнасы болып келеді.
Наурыз мерекесінің тағы бір маңызды сәті – «Қымызмұрындық» дәстүрінің сахналануы болды. Бұл – алғашқы қымыз дайындалып, ел болып дәм тататын ерекше салт. Ауыл ақсақалдары мен жастар жиналып, қымыздан ауыз тиіп, бата берді. Қымыз – тек сусын емес, ол – қазақтың өмір салтының бір бөлшегі. Бұл дәстүрдің жаңғыруы – ұлттық құндылықтарды қадірлеу мен ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісі.
Көпшілік асыға күткен сайыстар басталып кетті. Қол күрес, лақ көтеру (муляж) секілді жарыстар қызу тартысқа толы болды. Бұл спорт түрлері тек күшті ғана емес, ептілік пен төзімділікті қажет етеді. Жарысқа қатысушылар барын салып, көрермендерді жігерлендірді. Кезінде ат үстінде сайысқан ата-бабаларымыздың рухы осындай сәттерде қайта тірілетіндей әсер қалдырды.
Лақ көтеру тартысқа толы болды. 12 жасқа толған балалар бір-біріне дес бермей, намысқа тырысып лақты барынша серпіді. Көрермен мен досының қолдауы күш берді. Үлкендерімізде осы сәтте өздерін жас балаша сезініп, қатысушыларды қызу қолдады. Халықтың деребесін қоздыған жарыстың соңында жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен марапатталды. Жарыс барысындағы бәсекелестіктен өмірдегі достықтары артық болған балалар бір-бірін құттықтады.
Бірақ бұл жерде нағыз жеңіс – ұлттық рухтың қайта жаңғыруы еді. Көпшілік ұлттық спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанына қуанды. Ұлттық спорт тек сайыс үшін емес, елдің бірлігі мен намысын асқақтататын құндылық екенін тағы бір дәлелдеді. Осындай шаралар ұлттық болмысымызды нығайтып, келер ұрпаққа аманат болатыны сөзсіз.

Related Articles

Back to top button