Мәдениет

«Мисс бүлдіршін-2022» аймақтық деңгейде өтті

Балалар жылы аясында Халықаралық балалар күніне орай Ойыл аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі мен Аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Мисс бүлдіршін-2022» байқауы өтті.Бұл байқау-жас балғын өсіп келе жатқан бүлдіршін қыздарымыздың эстетикалық талғамын, сұлулыққа құштарлығын арттыратын, ұлттық рухани мәдениетімізді насихаттауға бағытталған бірегей жоба болуымен ерекшеленеді. 20 жылдан бері дәстүрге айналған байқау екенін оқырман есіне салғанды жөн көреміз.Бұл жолы байқау- аймақтық деңгейде өтіп, оған Орал облысы Қаратөбе ауданы, Атырау облысы Қызылқоға ауданы сондай-ақ Ақтөбе облысының Байғанин, Қандығаш, Алға, Темір аудандарының бүлдіршіндері қатынасып, өз өнерлерін көрерменге паш етті.Үш негізгі турды қамтыған байқаудың ең салмақты туры- «Бала тілі-бал» және «Өз бойындағы өнерін көрсету» турлары болды. Осы байқауға бір жағы төреші бола отырып, бір жағынан сырт көз сыншы деген ұстанымда отырған көрермен ретінде, біраз олқылықтардың да болғанын жасыра алмаймын.Өнер бөлімінде сазына көпшілікті елітетін үнді мен цыган биін кішкентай бүлдіршін қыздардың билегенін көріп «қап, әттеген-ай» деп қалғанымыз рас. Оның орнына үнді қызын мың орап алатын ұлттық билеріміз «Қамажай» мен «Бипыл» -ды билесе қандай жарасымды болар еді деп налыған көңілімізді «Асанәлі» бөбекжай-бақшасының бүлдіршіні Нұрболатқызы Кәусардың «Текемет» биі көтеріп жіберді.
Сәні мен салтанаты таразыға түсетін «Сән үлгісі» турында да ата-аналардың бала үшін барын салғаны көрініп тұр, гүлдей жайнаған бірінен бір өткен сұлулыққа таласқан әдемілік ішінен тағы да ұлттық үлгіні іздедік.
Байғанин ауданы «Шаттық» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушісі Аманкелді Айым Қуанышқызының «Торсық» үлгісіндегі костюмі, жүзге жуық асықпен көмкерілген шапанымен көздің жауын алған Мұғалжар ауданы, Қандағаш қаласындағы «Күншуақ» бөбекжай-бақшасының бүлдіршіні Сәндібай Жанел Артурқызының сән үлгілерін айрықша атап өтуге болады.Сонымен көптің көңілін қобалжытқан байқауда өз шегіне жетті.Әр турда айрықша ізденіспен бабы мен бағы қоса шапқан «Балдырған» бөбекжай бақшасының тәрбиеленушісі Жалғас Аяулым Бекетқызы бас жүлде иеленіп, 50 000 /елу мың/ сертификатын иеленді. І вице- мисс номинациясына «Асанәлі» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушісі Тілеубаева Кәусар Нұрболатқызы ие болып 40 000 /қырық мың/, ІІ вице-мисс Байғанин ауданы «Шаттық» бөбекжай-бақшасының бүлдіршіні Тайбекова Аяна Асауқызына 30 000 сертификатын, ІІІ вице –мисс Алға ауданы, Маржанбұлақ ауылы «Айым» бала-бақшасының тәрбие-ленушісі Ақылбек Аянат Бағдатқызына 20 000 сертификаты табысталды. Ал «Көрермен көзайымы» номинациясына Бай-ғанин ауданы, «Шаттық» бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушісі Аманкелді Айым Қуанышқызы ие болды.
Қалған қатынасушыларға «Алғыс хаттар» мен 10 000 теңгенің сертификаттары сыйлыққа ұсынылды.

Мәдениет қызметкері: Гүлайым Аманжолқызы.

Басқа жаңалықтар