КӘСІПТІК БАҒДАР — ЕҢБЕККЕ ҚҰРМЕТТІҢ КУӘСІ
Ойыл ауданының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының филиалының директоры Жасұлан Ержановтың бастамасымен Ойыл қазақ орта мектебінің 10 класс оқушыларына Ойылдағы «Жылыжай» кешеніне арнайы экскурсия ұйымдастырылды.

Экскурсия барысында бағбан-кәсіпкер Сапура Мырзағалиева отбасылық бизнестің қыр-сырын түсіндіріп, бағбандық жұмыстың бейнеті мен табысы туралы баяндады. Оқушыларға жұмысшы мамандығының маңызын түсіндіруді көздеген кездесуде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Ойыл аудандық филиалының директоры Жасұлан Ержанов кәсіпті бастау үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жайларын айтса, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Ойыл аудандық кеңесінің төрағасы Серікбай Қойбағаров оқушыларға «Еңбектің наны тәтті» деген тәмсілге бірнеше мысалдар келтірді.
Кездесу соңында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойса, Ойыл қазақ орта мектебінің мұғалімі, оқушыларды бастап барған жетекшілері Әйтеке Хамитов та осы кездесуден біраз ой түйгенін жасырған жоқ.
Тағы бір айта кетерлігі, осының алдында Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназия оқушыларымен «Жұмысшы-мерейлі мамандық» атты кездесу ұйымдастырылды. Бұл шараның да мақсаты – жастар арасында жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын насихаттау және еңбекқорлықты дәріптеу.