ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпБілімДенсаулықМәдениетРухани жаңғыруСпортСұхбатЭкономика
КАСПИ ТӨЛЕМ – КІМГЕ ТИІМДІ?
«Каспиіме жібере салыңыз!» – дейтін кәсіпкерлер Жаңа жылдан бастап төлемнің бұл түрінен бас тарта бастады. Себеп - салық заңнамасына мобильді аударымдарға қатысты енгізілген өзгертулер.
Ойылда Каспи банктің банкоматы жоқ. Басқа банкоматтар басқа карточкаларға қаржыны шектеп береді. Енді не істемек керек? Ақылы артық кәсіпкерлер QR төлеммен алса, 4 пайыз үстеме қосып төлеуді талап етіп тұр. Каспи төлемге үйреніп қалған тұрғындардың сауалын аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Берік Майлановқа жолдадық.
-Биылға дейін дүкендердің басқа қызмет көрсетушілердің көбісі қызметақысын аударым арқылы алып келгені жасырын емес. Тіпті дүкеніне көбінде Каспий банкке тіркелген нөмірін де жазып қойды. Шынында бұл мүлдем заңсыз. Себебі бізде салық кодексінде тек төлемнің екі формасы ғана қарастырылған. Бұл – қолма-қол төлем және карта арқылы төлеу (пост-терминал, яғни түбіртекті міндетті түрде беру) керек.
Бұл норма тұтынушылардың құқығын қосымша қорғайды. Тауарды сатқан кәсіпкер түбіртек беруге міндеттеледі. Салық жүктемесі кәсіпкерлерге қосымша түспейді. Бар-жоғы кәсіпкерлерді салық тәртібін сақтауға міндеттейді.
Такси жүргізушілері мен дүкендердегі сатушылар тұрғындардан қолма-қол ақша талап еткен соң, электронды ақшаға әбден үйренген халық абдырап қалғаны рас. Нақты табысын көрсетуден қашқан кәсіпкерлер салық заңнамасына енгізілген өзгерістердің байыбына бармай жатып, банк қосымшасы арқылы төлем қабылдаудан жалтарып бақты. Ашығын айтсақ, бұл заңның қарапайым тұрғындарға еш қатысы жоқ. Бірақ ел арасында ақпараттың «өңі» өзгеріп жылдам тараған соң, көпшілік мұны жаңсақ түсінуде. Әрине, тұрғындар ең бірінші кезекте ресми ақпараттың анық-қанығын білместен біреуден естігенге сенеді.
Салық заңнамасына мобильді аударымдарға қатысты енгізілген өзгертулер жеке тұлғалардың банктік аударымына кедергі келтірмейді. Бұл заң мобильді төлемдерді кәсіптік бағытта пайдаланып отырғандарға ғана қатысты. Бүгінде төлемге байланысты мобильді қосымшалар баршылық. Кәсіпкер онлайн кассаның мобильді нұсқасын жүктеп алып, заңды түрде пайдалана алады. Ал салықтың есебі «e-Salyq Business» қосымшасы арқылы автоматты түрде шығады.
Табысын жасырғандарға немесе мобилді төлем қабылдаудан бас тартқандарға бірден айыппұл салынбайды. Төлемдер туралы ақпараттарды алған соң, салық төлемегендерге алдымен ескертеміз. Кәсіпкерлерді кірісіне қарап анықтаудың бірнеше өлшем шарттары бар. Сонымен жеке тұлға бір айда 100 түрлі немесе одан да көп азаматтан, 3 ай қатарынан төлемдер кәсіпкерлік қызметке арналмаған банк шоты арқылы төлем қабылдаса, кірісі жіті тексеріледі. Осылайша салықтан жалтарғандарды оңай анықтауға болады.
Енді салық кодексінің шеңберінде 2025 жылға дейін екінші деңгейдегі банктер тұлғалардың бірнеше санаты бойынша тиісті органға мәліметтерді кезең-кезеңімен береді. 2022 жылы бірінші кезеңде «мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайы (зайыбы), сондай-ақ оларға теңестірілген адамдар бойынша» төлемдер тексерілетіні жазылған. Ал 2023 жылдан басталған 2-кезеңде бюджет саласының қызметкерлері мен жары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері мен жарының аударымдары тексеріледі. 2024 жылдың қаңтарынан, яғни үшінші кезеңде заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары бойынша біржолғы ақшалай өтемақы алуға құқылы. Сонымен қатар 4-кезеңде халықтың қалған санаттары бойынша аударымдар бақыланады. Иә, сонымен 15 сәуірден бастап азаматтардың жеке шотындағы аударымдар тексеріле бастайды. Былтыр осы заң туралы ақпарат тарағанда кейбір дүкендер кассалық аппарат алып қамданған.
Кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 166-бабына сәйкес, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай есеп айырысулар модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналары мiндеттi түрде қолданыла отырып жүргiзiледi. Каспий Голд арқылы тауарды сатып алу кезінде ақшаны қабылдасаңыз (Каспий Голд нөміріне аудару арқылы), Сіз дереу осы сатып алу үшін бақылау-касса машинасын пайдаланып, сатып алушыға түбіртек беруіңіз керек.
«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 11-тармағына сәйкес ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде болатындарды қоспағанда, дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде өз қызметін жүзеге асыратын орындарда төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдер қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) орнатуды және қолдануды және (немесе) лездік төлемдер жүйесін (QR-код төлемдері) пайдалана отырып, төлемдер қабылдауды қамтамасыз етуге міндетті.
Сатып алушы тауар немесе қызмет алу үшін Kaspi.kz қосымшасындағы аударым функциясы арқылы Kaspi Gold дебеттік картасына аударым арқылы төлем жасағысы келсе Kaspi.kz қызметі тізіміндегі жеке кәсіпкерлерге ұсынылатын жедел төлем жүйесін (QR төлем коды) пайдалану қажет.
Р.S. Апта бойы кейбір дүкендер мен такси жүргізушілері электронды ақша қабылдамай, цифрлы дәуірде өмір сүріп жатқанымызды естен шығарғандай болды. Әйтсе де, көп ұзамай жағдай реттеліп, кәсіпкерлер қалыпты жұмысқа көшті. Өйткені, тұрғындардың наразылығы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына жеткен соң, құрамында аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері бар арнаулы мобилдік топ Ойылдағы кәсіпкерлік нысандарды аралап, меншік иелері мен тұтынушыларға да жаңа заңның талаптарын түсіндірді. Сондықтан, қарапайым тұтынушылардың дүрлігуіне ешқандай негіз жоқ!
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.