Сұхбат

Әкем мен анам — ең жақсы адам…

Жоныс Бақтыгерейұлы 1925 жылы 20 сәуірде (бұрынғы Темір уезі Ойыл болысының) кейінгі атауы Ойыл ауданының Қызылқорған ауылында ауыл аймағына белгілі Бақтыгерей мен Жаңылсынның отбасында дүниеге келген.
Тегі Ысық тайпасының Қара руынан, әкесі Бақтыгерей Қалиев Қызылқорғандағы алғашқы ауыл шаруашылығы ұжымдарын қалыптастырушылардың бірі, 1953 жылы қайтыс болғанға дейін Қызылқорған, Жаңаталап, Бабатай және басқа да ұжымшарларда төраға-қолхоз председателі болып еңбек еткен.
Әкеміз Жоныс Бақтыгерей мен Жаңылсынның жанұясында өсіп ержеткен 5 ұлдың үлкені. Көкеміздің: «Ауыл болған іргелі Қызылқорған
Осы жерде сыңсыған қалың орман
Біледі оны, біледі балалығым
Қырларында жүгіріп, ізім қалған»,
— деп кейін ақын інісі Аманғос жырға қосқандай, балалық шағы Шәйкөздің сағасы, Қызылқорған даласында өтті. Сондағы бастауыш мектептен, 1936-1941 жылдары Ақшатаудағы «Қызыл мектептен» білім алып, оқыды. Ол жаратылысынан елгезек, әр ісіне мұқият болып ержетті.
Оның өз жұмысына беріліп, ойға алған шаруаны аяғына дейін жеткізгенше тыным таппайтынын, өз дегенінен қайтпайтын қайсарлығын, бірбеткейлігін құрдастары бертінге дейін айтып жүретін.
Соғыс басталған уақытта жасы 40-тан жаңа асқанмен ауыл ағасы атанып, өмірдің сан-соқпағынан өткен Бақтыгерей қанды қырғынның ұзаққа созыларын білді ме, әлде үміт күткен үлкен ұлының артында із қалдыруды ойлады ма 18-ге жақындап қалған Жонысқа құрдасын — көрші Жақсыкөл ауылындағы Сары Ысық Әлмәнбет Ермұқанның үлкен қызы Қымбатты айттырып, оның ағасы Мұқитқа құда түседі де, 1942 жылдың аяғында екеуін үйлендіреді. Анамыз Қымбат екеуі колхоздың қамытын көппен бірге киіп, шаруашылықтың бар шаруасына бел шешпей араласады.
1943 жылдың қаңтарында Кеңес Армиясы қатарына шақырылған әкеміз әке-шешесін, бауырларын, желегі желбіреп, жаңа ғана түскен келіншегіне қалдырып, Ұлы Отан соғысының нақ ортасы, екі жақта жан алып, жан беріскен шақта аз ғана 3 айлық әскери дайындықтан кейін майданға жіберіледі.
Солтүстік Батыс майданда Карел мойнағы мен Балтық жағалауындағы ұрыстарға қатысады. Өзі де аса көп ашыла бермейтін көкеміз қанды қырғын соғыс туралы айтуды онша ұнатпайтын. Мүмкін 18 жастан отқа оранған жастығының өлім мен өмір арасындағы арпалыспен өткені жүректі сыздататын болар. Кейбір шақтарда ардагер деп ұлықтап, оқушылар ортаға алып, қолқалаған тұста, түрлі кездесу кездерінде ғана қарапайымдылықпен өткенді еске алушы еді.
Әскер жасына соғыста жүріп толған, екі жыл бойы Балтық жағалауын жаудан тазартуға араласып, етігімен мұзды суы мен батпағын кешкен әкеміз Жеңістен кейін міндетті әскери қызметін атқаруға қалдырылып, 1947 жылдың аяғында елге оралады.
«Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік еңбек сіңіргені үшін» т.б. медалдармен наградталып, «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей, екі рет жараланса да, соғыстан аман оралған ол жастайынан еңбекпен өскенін көрсетіп, бірден елдегі шаруаға қызу араласып кетеді…
Соғыс зардабынан денсаулығы әлсіресе де, (3-топтағы соғыс мүгедегі) тұралап қалған шаруашылықтардың сан алуан саласындағы еңбекке белсене қатысады. Қаракөл, Құбасай, Ленин (Қараой) шаруашылықтарындағы есепші счетовод, дүкенші, сельпоның тауаршысы, ферма басқарушысы т.б. сияқты қызметтерді өзінің еті тірілігімен үйіріп атқарып кетеді.
Көкеміз кейінгі кеңшар кезінде де қажеттілікке қарай бірнеше қызметтерде жасап, өзінің іскерлігін, сауаттылығын көрсете білді.
Әсіресе ол 1963 жылы құрылып, 1971 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған «Жетікөл» совхозына ерен еңбек сіңіргендер қатарында болды. Ұзақ жылдар бойы «бастауышпен высшийді алқымдаған» Отекеңмен бірге совхоздың бүкіл құрылысына атсалысып, біліктілікпен және асқан жауапкершілікпен кинотеатрдан бастап самсаған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар, шаруашылық ғимараттарын тұрғызып, кәсіпқой прораб атанды.
Оның ұйымдастырушылық қабілеті, ел адамдарын былай қойғанда, жап-жас студенттер мен Қап тауынан қаптап келген шешендерді де табындырып, кей жағдайларда оларда осы кісінің ақыл-кеңесіне жүгінетін.
Анамыз Қымбат та ат байлайтын үйді кіршіксіз ұстап, қарт ата-енесін күтіп, жөнелтіп, қайныларын аяқтандырып, әрқайсысының өмірден өз жолдарын табуы үшін денсаулығына қарамай қолдан келгенінің бәрін жасады. Өте таза, қолы шебер, жоқтан барды жасайтын мұқият адам болатын. Санаулы өмірінде ағайындардың алдын кеспей, қайны, қайны сіңлілерінің атын атамай, ерекше ілтипатпен сыйлап, құрметтеп өтті.
Кеңес кезінде шаруашылық директорының орынбасары, почта меңгерушісі, аудандық тұтынушылар одағының құрылыс шебері болған әкеміз Ойылда да жаңа балалар бақшасын (қазіргі Қазтелеком ғимараты) салдырып, зейнеткерлікке шықты, үлкен құрметтерге, марапаттарға ие болды.
Көкеміз ең алдымен кейінгіге қамқор, отбасында қайырымды әке, ардақты ата атанған жан. Жары Қымбат (1978 жылы) 53 жасында қайтыс болғаннан кейінде дүниеге келген 6 немересін кішкентайынан өзі өсіріп, бағып-қағып, білім алып беріп, үйлендіріп, тұрмысқа шығарды.
Өзінің соңына ерген бүгінде бақилық болған інілері Ысқақ пен Бақытқа, Білімге, арамыздағы Сырымға үлкен ағадай емес, әкесіндей, келіндерге көкесіндей болды десек артық айтқандық болмас.
Қайын жұртын қадірлеп, балдыздарымен ақжарқын әзілдесіп, әрқайсысын әртүрлі атап қалжыңдасатын. Балалары Күләш, Болат пен Серікті былай қойғанда әулеттің, ара ағайынның ата-ене атанып, құда болуына атсалысып, құдалығын атқарып өткен жан.
Балалары мен немерелерін бос отырғызбай жұмысқа қатыстырып, зейнеткерлікке шыққаннан кейінде бірнеше үй салды немесе жаңалады, өмірінің соңғы күндеріне дейін баубақша егіп, оны күтіп баптауға бала-немерелерін бағыттап өтті.
Қазақта «Ғалымның артында хаты мен сөзі, жақсының артында ізі қалады» деген қанатты сөз бар. Бұл фәниде 85 жыл өмір сүріп, өзінің туып-өскен Шәйкөзіндегі мәңгілік мекеніне аттанған әке-шешеміздің артында атын ардақтайтын ағайыны, барын базарлайтын балалары мен немере, шөберелері, мың жылдыққа дейін мерейін маздататын қалың қауым, құда-жекжаттары қалды.
Өмірге келгендеріне 100 жыл, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл, өмірден өткеніне 15 және 47 жыл толған тұста бүгінімізбен болашағымызды жарқын етуге жол көрсетіп, өнегелі өмірімен, өлшеусіз еңбегімен, ағайынға сыйластығымен өшпес үлгі қалдырған ардагер әкеміз Жоныс мен анамыз Қымбаттың рухын жаңғыртып, еске алу арқылы осы аяулы жандардың бар болмысы, кемел келбеті олардың ұрпағы мен туған-туыстарының мәңгілік ұстанар бағыты мен бағдар шамына айналғанын айтқымыз келді. Әкем мен анам, ең жақсы адам…
Болат, Серік
БАҚТЫГЕРЕВТЕР.

Related Articles

Back to top button