ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ – ТАРИХҚА ҚҰРМЕТ!

Туған жерге тағзым — әр азаматтың парызы. Ал тарихқа құрмет — болашаққа аманат. Осы ұстанымды берік ұстанған ойылдық жастар 14 сәуір күні аудан орталығында «Таза Қазақстан» атты экологиялық акция өткізді. Шараны Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды.
Жастардың бұл әрекеті бір күндік науқан емес, жүректен шыққан шынайы ықыластың көрінісі болды. Себебі олар тек тазалық жасап қана қоймай, өткенге тағзым етті, ескерткіштің айналасын сыпырып, қоршауын жуып, гүл шоқтарын қойып, үнсіздікпен еске алды. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіш маңайында жүріп, олар ерліктің ешқашан ескірмейтінін ұғынды. «Өткенге құрмет — елдіктің белгісі» деген сөз осындайда айтылса керек.
Акцияға 15 аудан жасы тартылып, ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Жетекшілік еткен Жангүл Ізғарина әрбір жастың бастамашыл әрекетін қолдап, бағыт-бағдар беріп отырды. «Бірлігі бар ел озады» дегенді жас буын ісімен дәлелдегендей. Ауылдың әр бұрышы – тарих, әр көшесі – естелік. Ал оны таза ұстау – саналы ұрпақтың міндеті.
Ойылдық жастардың бұл бастамасы көпке үлгі. Өйткені олар сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүр. Туған жерге қызмет ету — нағыз патриотизм. «Тазалық — тәртіптің айнасы» десек, бұл шара елге деген сүйіспеншіліктің бір көрінісі ғана.