Басты тақырып

ЕРЛІК ҰМЫТЫЛМАЙДЫ, ЖЕҢІС РУХЫ БИІКТЕ САМҒАЙДЫ

9 мамыр — ел үшін, жер үшін жанын қиған боздақтарды еске алу, олар қалдырған мұраны қастерлеу, бейбіт өмірдің бағасын ұғыну күні. Биылғы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Еске алу» шарасы — өткеннің өнегесін бүгінге жеткізген тағылымды бастама.

Таңмен таласа аудан тұрғындары мен ардагерлер ескерткіш маңына жиналып, тағзым рәсіміне қатысып, гүл шоқтарын қойды.
Әр гүл – жүректегі алғыс пен ұлт жадысындағы өшпес ерліктің нышаны іспетті. Бұл – үнсіз тілдесу сәті. Бұл – боздақтар рухымен сырласқан, сол бір сұрапыл күндердің үнсіз куәсі болған ескерткіш алдында тебіреніс пен тағзымның тоғысқан шағы.
Салтанатты сәтте аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы ел-жұртты Жеңіс күнімен құттықтап, Отан үшін отқа түскендердің рухына бас иіп, ерліктің елге аманат екенін айтты.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Бақтыгереев пен тыл еңбеккері Ерғали Жұбанов та сөз сөйлеп, «Тарихты ұмытқан – тамырынан айырылады» деген нақылды еске салды. Олар «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» деген байламмен бүгінгі бейбіт өмірге жету жолында жанын пида еткен батырлардың есімін ұлықтаудың маңызын атап өтті.
Мәңгілік алау жанындағы бір минут үнсіздік — бұл үн емес, жүрек үндеуіндей. Тыныштықтың өзінде толғаныс, үнсіздіктің өзінде өмірге деген шексіз алғыс жатты. Бұл – тек өткенді еске алу емес, бүгінгі бейбіт күннің қадірін сезіну. Сонан соң көпшілік мәдениет үйі алдына бет түзеп, «Ерлік даңқы ешқашан өшпейді» атты мерекелік шараға куә болды. Шараны хор ұжымы бастаған әнмен ашты.
Тыңдарман жүрегіне жол тартқан әр әуен, әр сөз – батырларға арналған алғыс пен ұрпақтың ілтипаты. Сахна төрінде отаншылдық рухтағы әндер орындалып, көрерменнің көңілі тебіренді. Жеке орындаушылар мен вокалдық топтар орындаған әрбір ән Жеңіс рухын сездіріп, елдік пен ерлікті дәріптеді.
Шара барысында ұлттық би ансамблі қазақы болмысты паш етсе, сахналық қойылымдар соғыс жылдарының ауыр тынысын қайта тірілткендей болды. Тарих беттерінен тірі сурет болып келген көріністер көрерменді өткенге жетеледі. Көгершіндердің көкке самғауы — бұл еркіндіктің, бейбіт өмірдің белгісі. Сол бір сәтте бейне бір Жеңіс рухы аспанмен астасып, жүректерге үміт пен сенім сыйлағандай болды…
Бұл күн – ата-баба ерлігінің шежіресін бүгінгі ұрпақ санасына сіңірудің айғағы. Батырларды елі ұмытпайды. Ерлік – ұрпаққа ұлағат, тарихқа тағылым. Қанша жыл өтсе де, Жеңістің рухы — жүрек төрінде.

Related Articles

Back to top button