Құрбан айт – Жаратқанға жақындау мен қайырымдылықтың мерекесі

Қадірлі отандастар және ақтөбеліктер!
Күллі мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке мейірім мен шапағаттың, ізгілік пен жомарттықтың қазығы ретінде қоғамның рухани-адамгершілік негізін нығайтуға ықпал етеді.
Айт – ағайынның ауызбіршілігін арттыра түсетін, мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын мейрам.
Құрбан айтта орындалатын ең қайырлы амал – шынайы ықыласпен Алла разылығы үшін құрбан шалу. Айт күні жағдайы бар кісілер құрбан шалып, оны қараусыз қалған қариялар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға таратып, сауап алады. Өйткені, Құрбан айт – Жаратқанға жақындау мен қайырымдылықтың мерекесі.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп адал ниеттің маңыздылығын атап өткен.
Дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымыз және шалған құрбандықтарымыз, қасиетті Мекке қаласында қажылығын өтеп, еліміздің игілігі үшін дұға жасап жатқан ата-әжелеріміз бен бауырларымыздың тілегі қабыл болғай! Елімізге тыныштық, отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық тілеймін! Құрбан айт жүректеріңізге жарқын үміт ұялатып, ертеңгі күнге деген сенімдеріңізді нығайта түссін! Айт құтты болсын!
Амантай САДИЕВ
Ақтөбе облысының Бас имамы