ӘлеуметБасты тақырып
Көктемгі қайнаған еңбек ертеңгі күнге сенім
Ойыл - өндірісті өңірден жырақ, негізінен мал шаруашылығымен айналысатын аудан. Сонымен қатар, ағын судың бойын сағалағандар азын-аулақ бау-бақша егеді. Ауа-райындағы үлкен өзгеріс диқандарды ата кәсіптен қол үзуге мәжбүрледі. Дегенмен, Ойылдың атын шығарған тарыны екпей аталардың алдында күнә шығар? Сондықтан, соңғы жылдары қырда да, суармаға да тары егуді қолға алып жатқан шаруалар бар.
Өткен жексенбі күні ауданға арнайы келген Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин осындай жұмыстардың жай-жапсарымен танысып, шаруалардың талап-тілектерін тыңдады. Алдымен Саралжын ауылдық округіндегі «Айтан» шаруа қожалығына ат басын тіреген Аманғали Бисенбайұлы жаңадан шаруа бастап жатқан жігіттің ұмтылысын құптады. Талабы таудай шаруашылық жетекшісі Серікболсын Төлеуов келешекте тауарлы сүт фермасын ашуды көздеп отыр. Ол үшін сүтті бағыттағы «Сементал» сиырын алуға ұмтылып отырған жігіттің жұмысына сәттілік тілеген облысы басшысының орынбасары жас кәсіпкерге ақыл-кеңестерін айтты. Өйткені, Серікболсын алдағы уақытта тек сүтті өндіріп, өткізіп қоймай, оны өнімдерін өңдеп, ұқсататын цех ашуды да ойластырып отыр.
Одан кейін «Ангус» тұқымды ірі қара малын бағып отырған «Тәжібай – АГРО» ЖШС-нде барған Аманғали Бисенбайұлы қоңыржай климатқа бейім малдың Ойыл сияқты шөлейт аймақты да жатсынбағанына көз жеткізді. Енді тек шаруашылық басшысы Абыл Сатай мал азығын егетін алқапты суландыру үшін «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқылы жаңа технологияларды енгізуге көмек сұрады. Шаруаның тілегін тыңдаған ол тиісті орындарға тапсырма берілетін жеткізді.
Ал, Ойыл селосында Сапура Мырзағалиеваның жылыжайын көрген ол бағбандардың жұмысына шынайы ризашылығын білдірді. Жерлестеріне жыл бойы таза өнім ұсынып отырған оған да Аманғали Бисенбайұлы өз ұсыныстарын айтты. Бағбандықтан қыр-сырын меңгерген Сапура тек дайын көкөніс сатумен шектелгісі келмейді. Сондықтан, артылғанын ұқсату үшін көкөністерді консервілеу цехын ашуға бел буып отыр. Әрине, ол үшін тағы қаржы керек. Бірақ, жылыжайдың құрылысы үшін алынған несие бар. Сондықтан, Сапура мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант, болмаса жеңілдетілген несиеге ғана үміт артады. «Бастау-2019» ЖШС-нің мал сою пунктінде болған Аманғали Бисенбайұлы қосымша құрылыс жүргізіп, мал өнімдерін сақтау ауқымын ұлғайтып, келешекте оны өңдеуді көздеп отырған цехтың меңгерушісі Өркен Ақеділовке де өз ұсыныстарын айтты.
Сапары барысында Сарбие селолық округінде болған облыс басшысының орынбасары көп жылдан бері қырдың қызыл тарысын суармалы алқапқа егіп, әлемге тарыны да танытып, өзі де біраз елге барған «Жақып» шаруа қожалығының төрағасы Жұмабай Жақыптың суармалы алқабындағы көктемгі далалық жұмыстарын көрді. Сонымен қатар, осы округтегі асыл тұқымды қой бағытындағы «Кенжебай» шаруа қожалығының қойды бордақылау алаңының жобасымен танысты. Шаруашылық басшысы Жәнібек Бюрин бордақылау алаңын салғалы отырған жердегі негізгі қолбайлау болып отырған мәселе — 2800 метр жерге электр қуатын жеткізу. Ал өнімді өткізу жолдарын облыс әкімінің орынбасары өзі ұсынды. Экспортқа қажетті ет дайындалатын болса, шаруашылықты фьючерлік жолмен жұмыс жасауға шақырды.
Ал, Қараой ауылдық округіне қарасты Қорғаноба егіс алқабында болған Аманғали Бисенбайұлы «Сатым» ӨК-не топтасып, қырлыққа тары егіп жатқан шаруашылық жетекшілерімен кездесті. Шаруашылық жетекшілеріне жаңа техникаларды алудың тиімді жолдарын түсіндірді.
Сөйтіп, облыс әкімінің орынбасары Ойыл ауданындағы көктемгі қайнаған жұмыстың куәсі болды.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл-Сарбие-Қараой-Ойыл.