Рухани жаңғыру

АУЫЛЫН ГҮЛМЕН КӨМКЕРІП…

«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз!». Бейімбет Майлиннің бұл тәмсілінің ел ішінде айтылып келе жатқанына бір ғасырдан аса уақыт өтсе де, әлі күніге дейін еш маңызын жойған жоқ. Мұны қазақ ауылының бүгінгі бет-бейнесі мен онда еңбек ететін тұрғындардың күнкөріс деңгейі арқылы байқаймыз.
«Таза Қазақстан» акциясының да мақсаты да ауылдың ажарын ашу.
Сол ауылды «гүлдендіруге» ұмтылып жүргендер бұрын да болды, әлі де бар. Солардың бірі – біздің жерлесіміз, белгілі кәсіпкер, аудандық кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Спартак Төремұратов.
Туған жерге ту тігіп, адал еңбегімен сан биікті бағындырған оның бір ғана мақсаты – «даланы асқақтатып, ауылды аластартпау!» Осы орайда орамды ойларын талай ортада айтып, өзі бастап үлгі болып жүр. Биыл да көктемде көптен ойда жүрген шаруасын қолға алды.
«Ауылдың көркін ашатын да, келбетін келісті етіп, әрін арттыратын да – оның тазалығы мен жайқалған жасыл желегі. Бұл екеуі болмай ауылға сән кірмейді, тірлігі алға баспайды» — дейтін Спартак сондықтан да, ауыл шырайын шұғылалы ету мақсатында «Таза Қазақстан» акциясына ешкім айтпай-ақ, ықыласымен атсалысты.
Яғни, ауылдастарына 100 түп жеміс ағашы мен 100 түп раушан гүлін тегін таратты. Бәріне де оны отырғызудан бастап күтіп-баптау жолдарын толық түсіндіріп кетті.
Бірақ, соған қарамастан күтімі кемшін болып көшеті көктемей қалғандары да бар.
Дегенмен, жеміс ағаштары түгел жерсініп, бой алып кетсе, раушан гүлдердің 70 пайызы аулаларға сән беріп тұр.
Міне, ауылдың көшін «аудармай», алға жетелейтін осындай азаматтар.
Өйткені, «Жұлдызым көкте, бақытым елде, несібем жерде» — дейтін Спартактың өз ауылына шын жаны ашитын азамат екені сөзінен де, ісінен де көрініп тұр.
Туған жерін түлетуге атсалысып, туып-өскен ыстық ұясы – туған ауылына деген махаббатын адал еңбегімен айқындаған азаматтың игі істерін айтып тауысу мүмкін емес.
С.ХАМЗИН,
Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button