ӘлеуметБасты тақырыпМәдениет

АНА ТІЛІНІҢ АБЫЗ АНАСЫ – РӘБИҒА СЫЗДЫҚ

«Тіліңіз тәтті, ойыңыз қандай! Тыңдадым, ұқтым жан күйіңізді. Болар ем күнде бір жасарғандай, Көп туса қазақ дәл сіз­дей қызды!...» Бұл жол­дар 1946 жы­лы за­ма­нымыздың көр­некті ақы­ны Қасым Аман­жо­ловтың Ұлттық ғы­лым академиясының ака­демигі Рәбиға Сыздықоваға ар­наған өлеңінен үзінді. Рәбиға Сәттіғалиқызы қазақ филологиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан аңыз тұлға. Оның тіл бі­лімі саласына қосқан үле­сі телегей теңіз.

Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор, Ойылдан шыққан ғалым апамыз Рәбиға Сыздықова 17-ші тамызда 97 жасқа толар еді.
Осы орайда кеше аудандағы кешенді шара орталық кітапханадағы «Коворкинг» орталығында «Ана тілінің абыз анасы» атты портреттік кешпен басталды. Айтулы шараға Рәбиға апамыздың немересі Санжар, осы шараларды ұйымдастырып жүрген республикаға белгілі өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақов, Атыраудағы  ағайындары, шәкірттері арнайы келді. Шараның шымылдығы «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп басталатын тоғыз тараулы, тоқсан асулы мерейтойы жақындаған тұста түсірілген, тіл білімі саласында  еңбек еткен жолы мен өмір жолы баяндалған бейнебаянмен түрілді. Алдымен еңбек ардагері, «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының Ақтөбе облысындағы өкілі, республикаға белгілі өлкетанушы- Бекарыстан Мырзабай апамыз жайлы естеліктерімен бөлісті. Рабиға Сыздықтың шәкірті, филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Орынай Жұбай қиындыққа мойымайтын қайсар мінезі туралы, оның еңбек жолында жеткен табыстары мен өнегелі істеріне тоқталды. Кеш барысында «Жас қалам» қызығушылық клубының мүшелері Рәбиға апамызға арналған қазақ жазушыларының арнауларын оқып, поэзия әлемінен сыр шертті.
Ғалым анамыз жерлесіміз екені, Ойылда дүниеге келгені бәрімізге белгілі. Шарада ғалым апамыздың нағашысы болып келетін Әміровтер отбасына талай елге келген сәтінде шаңырағынан дәм татып, құрметті қонағы болғаны белгілі. Рәбиға апамыздың нағашысы, Қуаныш Әміровтың жиені, Әдина Тимурқызы «Ұлылықты ұлықтаған ұлы есім» атты баяндамасын көпшілікке ұсынды.
Келесі кезекте Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақов өзінің құттықтау сөзінде шыққан биігін, ретінде еңбегін айрықша жоғары бағалайтынын тілге тиек етті. Аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев тіл білімі саласында еңбек еткен ғалым анамыздың ғибратты жолы қашанда жас буынға үлгі екенін жеткізді.
Тағылымы мол шарадан кейін Рәбиға Сыздықованың рухына арнап ас берілді. Асқа ойылдық ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері, ауылдық округтен келген меймандар қатысты.
«Рәбиға Сәттіғалиқызы – бір өңірдің ғана емес, бүкіл елдің қызы. Ол саналы өмірін ел-жұртына арнаған ғалым. 95 жасында өмірден өтті. Еліміздің барлық өңірі көңілін білдіріп, қайғыға ортақтасып жатқан апамыз туралы айтылар әңгіме көп. Егер қазақта Рәбиғадай қыздар көп болса, еліміздің еңсесі ешуақытта түспейді. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын» — деді, аудан әкімі Асқар Қазыбаев.
Тыныштыбай Шалабаев, Амангелді Жұманов, Қазбек Нұрымгерейұлы, Аманғос Қисықов сынды ойылдық ақсақалдар  өмір жолын үлгі етіп, көп өнеге алуға болатынын айтты. Арнайы келген қонақтарға ерекше сый-құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар