КӨРШІ АУДАНДАҒЫ КЕЗДЕСУ КӨП ІСКЕ КУӘ ҚЫЛДЫ

Ойыл аудандық мәслихат төрағасы С.Займолдин, мәслихат депутаты Ж.Ізғарина, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Арыстанов және мәслихат аппаратының бөлім басшысы А.Мусин көршілес Атырау облысының Қызылқоға ауданына әріптестерімен тәжірибе алмасу және аудан көлеміндегі атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында іссапармен барды. Алдымен ойылдық әріптестерді Қызылқоға аудандық мәслихатының төрағасы Толқын Ермекқызы қабылдап, мәслихат аппаратының жұмысымен таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті. Бұдан әрі қонақтар аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Дүйсәлі Өтеуғалимен кездесіп, кеңес жұмысы туралы пікірлесті. Меймандарды аудан әкімі Қ.Әзмұханов қабылдап, аудан көлеміндегі атқарылған ауқымды істер мен тың бастамалармен бөлісіп, қызметтеріне сәттілік тіледі. Әрі қарай, мәслихат аппараттың күн тәртібіндегі жұмыс жоспарына сәйкес «AMANAT» партиясының кіші мәжіліс залында аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен «AMANAT» партиясының Қызылқоға ауданы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаларының орындалу барысы таныстырылды.
Содан соң, аудан орталығы Миялы ауылдық округіндегі жаңадан ашылған және салынып жатқан ғимараттар мен нысандар таныстырылды. Атап айтқанда, Қызылқоға ауданында тұңғыш салынған 3 қатарлы 60 пәтерлік тұрғын үй, кезектілікпен берілетін тұрғын үйлер құрылысы, ойын алаңдары, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан орталық саябақ, №10 өрт сөндіру бөлімі, мүмкіндігі шектеулі балалардың күндізгі болу бөлімшесі, «Нұр-Шуақ» бөбекжай балалар бақшасы, «Қамқорлық» оңалту орталығы, Аққұл Сарбөпе атындағы саябақ, Жастар саябағы, жаңадан бой көтерген Сабытаевтардың «Bolashak hall» мейрамханасы жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, Миялы-Индер-Миялы бағытындағы жаңадан салынған көпірмен танысып, іссапар Ойыл ауылдық округінде жалғасты. Пайдалануға берілген «Жасқайрат» спорт кешені жұмыстарымен танысқан әріптестер сапарларын «Құрман» шаруа қожалығының сүт өнімдерін өңдеу цехымен аяқтады.