Әлеумет

АУЫЛДЫҢ ЫРЫСЫ — ЕҢБЕК ПЕН БЕРЕКЕ

Күз – табиғаттың ғана емес, еңбек адамдарының да жемісін берер берекелі мезгіл. Осыған орай 24 қазан күні Ойыл аудандық мәдениет үйінің алдында ауыл өмірінің ажарын айшықтаған дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.
Таңғы сағат 9:00-де басталған жәрмеңке алаңы бір сәтте қызу тіршілікке толды. Қолөнер бұйымдарының сәні, ауылдан әкелінген таза өнімдердің хош иісі мен халықтың шат көңілі бір-бірімен жараса үйлесіп, ерекше еңбек мерекесіне айналды.
Жәрмеңкеде ет, сүт өнімдері, балық, көкөніс, бал, жем-шөп секілді түрлі ауылшаруашылық өнімдері ұсынылды. Барлығы да табиғи, таза әрі қолжетімді бағамен сатылды. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің маңдай терімен келген өнімдері көпшіліктің көңілінен шығып, тұрғындар өз ризашылықтарын білдіріп жатты.
Береке мен ырысқа толы бұл шара ойылдықтардың бірлігі мен еңбекқорлығының айқын көрінісіне айналды. Әр ауыл өз өнімін ұсыну арқылы туған жердің берекелі байлығын паш етті. Келушілер тек сауда жасап қана қоймай, әңгіме-дүкен құрып, уақыт өткізді.
Қоңыр күздің салқындығына қарамастан, алаңдағы әр жүзден қуаныш пен ризашылық сезілді. Бұл жәрмеңке — ауыл адамдарының еңбегіне деген құрмет, туған жердің ырысы мен байлығын дәріптеген мереке іспетті болды.
Иә, ауылдың ырысы — еңбекте, ал еңбектің жемісі — елдің берекесінде. Осындай игі дәстүр жалғасын тауып, еңбек адамдарының мерейі әрдайым үстем болсын!
Г.АБАЙҚЫЗЫ

Related Articles

Back to top button