Сұхбат

СӨЗБЕН ІС ҮНДЕСКЕН САБАҚ

Өмірде таңдау мүмкіндігі туғанда мейлінше мүлт кетпеуге мән беретін маңызды нәрсенің бірі – мамандық. Өкінішке қарай, бұл таңдауға келгенде шалыс басып, басқа шаруаның құлағынан ұстаған немесе мүлдем шарасыз жүрген азамат көп.

Еңбек нарығындағы бұл олқылықтың орнын толтыру үшін, жалпы адам капиталын тиімді дамыту үшін қазіргі кезде сапалы кәсіптік бағдарлауға барынша көңіл бөліне бастады. Мемлекет басшысының жолдауында айтылған мәселелерге орай, кейінгі кезде қоғамда кәсіптік бағдар беру туралы түсінік кеңінен өріс алып, жұртшылықтың ерте жастан мамандық таңдауға мән беруі де қуантады. Осы орайда «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлік палатасы Ойыл аудандық филиалы биылғы жылы балаларға кәсіптік бағдар беретін бірнеше шараға ұйытқы болды. Яғни, Ойыл селосындағы Ж. Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің жоғары класс оқушылары Ойыл кәсіптік колледжінің «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының өндірістік оқыту шебері Қанат Кенжеғалиевпен кездесті.
Мектептің кәсіби бағдар беруші педагогы Гүлзат Сұлташева «Аспаздық өнер мен кәсіп» деген күзгі каникул кезіндегі кездесудің мән-маңызын түсіндірді.
Әсіресе, қыз балалар тарапынан жоғары қызығушылық болды. Оған қонаққа қойылған толассыз сұрақтар куә. Бүгінгі уақыт талабын дөп басқан білікті маман кездесудің соңында сөзбен істі үндестіріп, шеберлік сабағын өткізді.
Хакім Абайдың сөзіне сүйеніп айтсақ, дүниенің кетігін тауып бір кірпі-ші болып қаланып, қоғамның қажетіне жарау үшін жаның қалайтын мамандықты жаңылмай таңдаудың және өз ісінің нағыз шебері болудың маңызы зор.
Сондықтан болашақ білікті маман қалыптастыру үшін баланың қабілетін жасынан тану керек. Бағыты түзу баладан келешекте маман ғана емес, майталмандар шығады.

Related Articles

Back to top button