Әкімдік

КЕЗДЕСУ АРҚАУЫ — МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ ЭТИКА МЕН ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ

Өткен аптада Ақтөбе облысы бойынша Әдеп жөніндегі уәкілі Ризагүл Омарова Ойыл ауданының мемлекеттік қызметшілерімен кезекті кездесу өткізіп, мемлекеттік қызметтегі этика мен жауапкершілік жайлы жан-жақты әңгімелесті.
Кездесу барысында Ризагүл Мырзағалиқызы Әдеп кодексінде көрсетілген талаптардың маңызын, мемлекеттік қызметшінің қоғам алдындағы міндеті мен жауапкершілігін кеңінен түсіндірді. Ол қызметтегі ғана емес, күнделікті өмірдегі ұстаным, мінез-құлық мәдениеті, әлеуметтік желілердегі этика – барлығы мемлекеттік қызметшінің имиджін қалыптастыратынын атап өтті.
Азаматтармен дұрыс қарым-қатынас жасау, шектеулерді сақтау, әр әрекетке саналы түрде жауап беру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі екені айтылды. Сонымен қатар кездесуге Ақтөбе облыстық «Ихсан» ақпараттық-талдау орталығының теологы Разақ Тастанбек шақырылып, қазіргі қоғамдағы діни процестер, радикалдық ағымдардан сақтану жолдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мемлекеттік қызметшілерге діни сауаттылықтың маңызын, ақпараттық қауіпсіздік пен адасушылықтың алдын алу бағытында маңызды деректерді жеткізді.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, пайдалы ақпарат алды.
Мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға және қоғаммен сенімді байланыс орнатуға өз үлесін қосатыны сөзсіз.

Related Articles

Back to top button