ОЙЫЛДЫҢ ІСКЕР КЕЛІНШЕКТЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМҒА ҚАТЫСТЫ
Ойыл ауданының кәсіпкер қыз-келіншектері Түркі мемлекеттерінің кәсіпкер әйелдер кеңесінің IV Бас Ассамблеясының кеңейтілген отырысы және “Women Forward: Бизнес. Шағын технологиялар” атты халықаралық форум-көрмесіне қатысып қайтты.

Ойылдың кәсіпкер келіншектеріне осындай мүмкіндік жасап, бағыт-бағдар берген облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күлпаршын Айдарханова.
Күлпаршын Айдарханованың сөзі ерекше есте қалды: “Осындай форумдарға қатысу — тек тәжірибе емес, нетворкинг, идея алмасу, көкжиегіңді кеңейту. Іскер әйелдердің дамуы-еліміздің негізінің дамуы! ” — деген қанатты сөз бен мен сенім – бізді қанаттандырды, — дейді халықаралық форумнан алған әсерімен бөліскен кәсіпкерлер.
Аталған шараға аудан атынан ветеринарлық дәріхана иесі —Айшолпан Тапашева және кондитерлік өнімдер дүкенінің иесі —Айгүл Жанғабылова қатысып, өз кәсіптерін таныстырып, тәжірибе алмасты. Форум барысында Қытай, Түркия, Қырғызстан, Қазақстаннан келген түрлі кәсіп иелерімен кездесіп, олардың тәжірибесі мен жетістігінен үлкен шабыт алды. Кәсіпкер әйелдермен еркін пікір алмасып, бизнесті дамыту жолындағы жаңа идеялар мен бағыттарды бойына сіңіріп қайтты. Атап өтетін жайт — Ойыл ауданының бренді саналатын тары өнімі де форум-көрмеде таныстырылды. Бұл — ауданымыздың атын танытып, ауыл шаруашылығы мен жергілікті өнімді дәріптеуге қосқан үлкен үлес болды. Қуантқаны – алып барған өнімдерімізге бірден қызығушылық танытылып, сол жерде сатылып кетті. Тіпті, шетелден келген қонақтар да қызығып, сұрап жатты. Бұл – ауыл кәсіпкері үшін үлкен қуаныш, әрі мотивация! Әйел — отбасының ғана емес, елдің де тірегі екенін дәлелдеген осындай кездесулер — әрбір кәсіпкерге күш береді.



