Әлеумет
«Орбұлақ шайқасы» — өшпейтін даңқ
Осындай тақырыппен өткен бейсенбіде Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің ұйымдастыруымен Ойыл қазақ орта мектебінде тарихи-танымдық шара өтті.
Аталмыш мектептің мәжіліс залында өткен шараға мектептің жоғары сынып оқушылары қатынасты. 1643 жылы жаугершілік заманда Батыр Қонтайшы бастаған ойрат қолы қазақ даласына қарай қозғалыс жасаған кезде қазақ хандығының қолын басқарған Жәңгір хан жоңғарлардың 50 мың қолына 600 жасақпен төтеп беріп, 10 мың жауынгерін ойсырата ажал құштырған қазақ батырларының орасан ерліктері тарих беттерінде өшпестей жазылды. Міне қазақ даласында жауға қарсы жорықтар мен елді, жерді қорғау жолында бүгінгі ұрпаққа дейін халық жадында ұмытылмай жеткен қанды қырғын осы — Орбұлақ шайқасы еді. Биыл Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңіске 375 жыл толып отыр. Сондықтанда шара кезінде бабалар ерлігін бейнебаян арқылы назарға ұсынып, оқушылардың ұлттық намысын қайрап, ұлтжандылыққа шақырған музей директоры Балқия Рысбаева Орбұлақ шайқасының тарихына, шайқасу тактикасының құпиясына тоқталып, сол кездегі қазақ шеберлерінің қолынан шыққан қару-жарақтардың жасалу технологиясы бойынша мәлімет берді. Келесі кезекте Ойыл қазақ орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Люба Сисенғалиева осы мектепте үнемі тарихи-танымдық шаралар өткізіп, оқушылармен тығыз байланыс жасап жүрген музей ұжымына алғысын айтты. Сонымен бірге оқушыларды оқулықта жазылған тарихи оқиғаларды кеңінен зерделеп оқуға шақырды. Орбұлақ шайқасының құпиясына таңданыстарын білдірген жоғары сынып оқушылары «Орбұлақ шайқасы — өшпейтін даңқ» атты көрмені тамашалады.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.