Қарапайым еңбек адамына түсер қиындықты жеңілдетуде, еңбек заңдылықтарының сақталуын бақылауда, кәсіподақ мүшелеріне материалдық-моральдық қолдау көрсетуде кәсіподақтың атқарар жүгі көп. Еліміз еркіндік алып, іргесі бекігелі қарапайым еңбек адамының кәсіподаққа сенімі арта түсуде. Оған себеп, сонау тоқырау кезеңінде басқа қоғамдық ұйымдар тарап кеткенде еңбек адамдарының қасында өз міндетін атқарып, тек қана кәсіподақ қалғаны белгілі. Аудандық кәсіподақ комитетінің жұмысы – негізінен мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тығыз байланыста жүретіні белгілі.
10 маусым «Кәсіподақтар күні» мерекесіне орай Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ойыл аудандық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен барлық мектептер, мектепке дейінгі ұйымдар және қосымша білім беру ұйымдарының қатысуымен 4 маусым күні «Үздік кәсіподақ көшбасшы-2018» байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлі мен беделін арттыру, кәсіподақ мүшелерінің кәсіби мүдделерін, әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауды жандандыру. Аудандық кәсіподақ комитеті — қоғамымыздағы болып жатқан өзгерістерден шет қалмай әріптестеріміздің әлеуметтік-экономикалық құқығын қорғауда заң аясына сәйкес әлеуметтік, әріптестіктің үлгісін көрсетіп, ұстаз игілігіне өз күш -жігерін жұмсап жүрген қоғамдық ұйым.
Байқауға қатысқан көшбасшылар ұжымындағы кәсіподақ жұмысы туралы портфолио жасақтап, эссе жазып,еңбек заңдылығы, ұжымдық шарт т.б мәселелерді талқылап ортаға салды. Аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары С.Өткелбаева, «Сала қызметкері кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Б.Бектұрғанов, ардагер ұстаз Т.Қазилар сайысқа төрелік етті. Байқау қорытындысында бас жүлдені жеңіп алған Ж.Жүсібалиев қазақ орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Д.Есенғазинаға емдеу-сауықтыру шипажайына жолдама табыс етілді. І орынды Амангелді орта мектебі М.Әбдірзақ, ІІ орынды Саға мектеп-балабақшасы төрайымы Л.Бікірова, ІІІ орындарды Ойыл қазақ орта мектебінің кәсіподақ төрайымы Р.Базарова мен Жамбыл мектеп балабақшасы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы А.Шотықовалар өзара бөлісті.
Кәсіподақ қай уақытта да еңбек адамымен бірге. Сондықтан, кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғаудағы, еңбек заңдылықтарының орындалуын бақылаудағы жұмысымызды жандандыра береміз.
Г.ИЗБАГАМБЕТОВА,
аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы.