ӘлеуметМәдениет

«ҚАРТЫ БАР ЕЛ — ҚАЗЫНАЛЫ ЕЛ»

Қарт дегеніміз – ағып жатқан дария, теңіз іспеттес. Теңіздің тұнығы мен тереңдігі қандай болса, қарияларымыздың да өмір тәжірибесі мен білетін сондай терең. Сондықтан да баланың рухани өсуіне ата мен әженің ықпалы зор.

Осы орайда қазан айының алғашқы күнімен бірге келетін қарттар күні елімізде соңғы дылдары дәстүрлі түрде тойланып келеді. Айтулы мереке біздің ауданда да елеусіз қалмады. Аптаның алғашқы күнінде «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы мәдениет және демалыс орталығында абыз, ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты әжелерімізге арналған «Қарты бар ел, қазыналы ел» атты мерекелік шара өтті. Онда өткен өмірлері өнегеге толы, салиқалы мінезді қарттарымызға арналып мерекелік дастархан жайылды. Айтулы шараның шмылдығы «Маржан» би ансамблінің «Қазақ биімен» түрілді. Ақ дастархан басындағы көнекөз қарияларымызға шексіз құрмет көрсетілді. Алғаш болып құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Дастан Сағыров барша қарттарымызға ұзақ ғұмыр, бастарына амандық тіледі. Сонымен бірге бүгін біздің азаттықтың ақ таңында тату-тәтті, мызғымас бейбітшілікте өмір сүріп жатқанымыз осы қарттардың яғни бабалар ерлігінің арқасында екендігін ашық жеткізді.

Мерекелік дастархан әрі қарай ақ тілектермен жалғасты. Әр үстел басынан тілектерін жеткізген қарттарымыз өткен өмірдің қиыншылықтары мен сонау шақтардан сыр шертті. Бүгінгі мерекеге ұйытқы болып отырған аудан әкімдігіне алғыстарын айтып, «Сіздерге біз көрген бейнетті емес, жасымызды берсін! Жұмыстарың жемісті болып, ауданымызды көркейтуде адал қызмет ете беріңдер» — деген тамаша тілектерін жеткізді. Ал, аудан өнерпаздары мерекелік дастарханды әсем әнмен әрлеп, мың бұралған бимен көркемдеді. Бүгінгі қарттарымыздың бұрынғы үздік (хит) әндерін шырқап, қариялардың өткен шақтарын естеріне түсірді. Шәмшінің әндерінен шабыт алған қарттарымыз өнерпаздармен қосыла шырқады. Шара соңында барлық қарттарымызға аудан әкімдігі атынан мерекелік сыйлықтар таратылды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар