ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпСпорт

ЕРБОЛАТҚА ЕЛДІҢ ҚҰРМЕТІ

Өткен аптада Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Ойыл ауданында күрес түрлерінің негізін қалаушы, спорт ардагері, самбодан КСРО спорт шебері Ерболат Есниязовтың 75 жас мерейтойына арналған еркін күрестен жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир өткізілді. Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы мерейтой иесін құттықтап, ауданның әлеуметтік -экономикалық дамуына айрықша үлес қосқаны үшін «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті.

Сонымен қатар еркін күрестен бірнеше дүркін әлем чемпионы, ардагерлерге арналған күрес бөлімінің жаттықтырушысы, Қазақ спорт және туризм академиясының құрметті профессоры Қуаныш Қазтұрғанұлы «Спорт ардагері» төсбелігін табыстаса, шәкірттері атынан спорт ардагері Құнанбай Тұрашұлы сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ат мінгізді. Ерболат Тәңірбергенұлы да аудан әкіміне, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасына, спорт мектебіне және де турнирдің өткізілуіне үлес қосқан азаматтарға өз алғысын жеткізді.
Екі күнге созылған облыстық ашық турнирге 8 командадан 200-ге жуық спортшы қатынасты. Тартысқа толы облыстық ашық турнирде 12 салмақ дәрежесі бойынша күрескен палуандар арасында оза шапқандары Ойыл ауданы әкімдігінің мақтау қағаздары және медальдарымен марапатталды.
Жасынан спортты жанына серік қылған, парасат пен пайымды жүрегіне жақын еткен, ізбасар інілерін жасынан баулып, жалықпаған жаттықтырушының алдынан өтіп шыңдалған шәкірттері талай биікті бағындырып, қанат қақты. Олар қазір еліміздің әр түкпірінде жүр.
Ісі үлгімен ұштасып, самбодан ауданнан шыққан алғашқы КСРО спорт шебері Ерболаттың шәкірттерінің алды алпысты алқымдады. Ұстазға тән сергек ойдың иесі Ерболаттың шәкірттері талай байрақты бәсекелерде топ жарып, ауданымыздың абыройын асқақтатты. Сол Жеңістің басында әр шәкірті үшін аянбай тер төккен Ерболаттың еңбегі тұрғаны сөзсіз.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген қағидаға сүйенсек, Ойылдың алды аға буын өкілдері, замадастары да Ерболатты әрдайым ардақ тұтады. Еңбектің жемісі деген осы. Ерболатқа елдің құрметі!
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы

Басқа жаңалықтар