ӘлеуметБасты тақырып
Сыйынар ем, ана деген тәңірге!
Көктем — тіршіліктің бастауы. Қыстың ызғары мен суығына сіреу боп қатқан науат қардың бауыры сөгіліп, жер бетіндегі тіршілік қайта оянады. Міне осы көктемнің алғашқы он күндігімен бірге кіретін Халықаралық әйелдер күні барша адамзат үшін айрықша мереке. Айтулы мерекені біздің елде жыл сайын атап өту дәстүрге айналған. Өйткені анаға деген құрмет әр қазақ баласы үшін ешқашан өшпек емес. Әр азамат аяулы аналарымыз бен аруларымызға, апаларымыз бен жеңгелерімізге құшақ-құшақ гүл сыйлап, ыстық ықыластарына бөленеді. Осылайша көктеммен бірге көктемдей құлпырған аналарымыз осы күні айрықша қуанышқа кенеледі. Осы орайда айтулы мереке қарсаңында біздің ауданда көптеген игі шаралар өткізілді. Соның бірі өткен бейсенбіде аудандық мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Сыйынар ем, ана деген Тәңірге!» — атты мерекелік шара.
Әсем әнмен әрленген мәденикөпшілік шара тыл еңбеккерлері, батыр аналар мен «Алтын алқа» иегерлеріне және аз қамтылған көп балалы аналарға арналды. Сондықтан аудан өнерпаздары асыл аналарымыздың құрметіне би билеп, ән салды. Тарқатып айтсақ, үлгілі «Әсем би» ансамблі «Көбелек», «Сарғалдақ» билерін тарту етсе, Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің бишілер тобы «Гүлдер» биімен сахнаның сәнін келтірді. Сонымен бірге «Наз» дуэті «Анамның ақ жаулығы» әнімен көпшілікті тәнті етсе, «Өлке сазы» фольклорлық ансамблінің сүйемелдауімен Боранбай Ешпанов, Жаңылдық Бисенғалиевалар жеке дауыста аналарға арналған әндерін әуелете шырқады. Одан бөлек аудан өнерпаздары ұсынған әуезді әндердің барлығы аналардың құрметіне арналды. Ал айтулы шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы барша аналарды мерекелерімен құттықтап, бірқатар аналарға алғыс хаттар табыстады. Мерекелік шара кезінде аналарға гүл шоқтары таратылды.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.